Бас жаңалықтар
Маңғыстау облысында ауаны ластаған төрт кәсіпорынға айыппұл салынды
25 Ақпан 2021, 18:59 459

Маңғыстау облысында ауаны ластаған төрт кәсіпорынға айыппұл салынды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Шаһардың өндірістік аумағындағы мекеме-кәсіпорыннан таралатын түтінге қатысты тұрғындардың шағымы өткен жылы аймақтық экология департаментіне келіп түскен.

2020 жылдың желтоқсан айында қала тұрғындары ауада жағымсыз иіс пайда болғанын айтып, өкілетті органға арызданды. Осының негізінде экологтар ауа сүзгілеу құрылғылардың көмегімен сынамалар алып, құрамына талдау жасады. Мұндай стационарлық бекеттер әзірше екі шағын ауданда бар. 

Зертханалық сараптаулар өндірістік аймақтағы зауыттардың да маңында жасалды. Қорытындысында, ауа құрамында азот диоксиді мен метан газының шамадан көп мөлшерде екені белгілі болды.   

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық талдаулар және сараптау бөлімінің басшысы Фариза Қожанепесованың сөзінше, экологиялық заңбұзушылыққа барған төрт кәсіпорынға 10 млн теңгедей айыппұл салынып отыр. 

Мамандар жүргізген зерттеулер қорытындысы қалалық сотқа жолданған. 

Өңірлік экология департаменті өз тарапынан қоршаған орта заңнамасының бұзылуына сәйкес әкімшілік айыппұл төлеу арқылы залалды төлеуге ұсынды. Алайда, әлгі өнеркәсіптік мекемелер өздерінің заңбұзушылықтарын мойындамай отыр. Құзырлы органға қарсы шағымдарын түсірген. Біздің қолымызда нақты дәлелдер бар. Сот шешіміне қарай әрі қарай да жұмыстанатын боламыз, - дейді ол. 

Айта кетейік, аймақ тұрғындары өзі тұратын баспана жанында бей-берекет тасталған қоқыстарды ұялы телефонға түсіріп, экология департаментіне жедел желі арқылы жолдап та жатыр. Өткен қаңтар айында жиырмаға тарта адам хабарласыпты. 

Белсенді азаматтар көбіне-көп үйлерге жақын қоқыс үйінділері жатқан жерлерді көрсеткен. Тұрмыстық қатты қалдықтар салынатын контейнерлердің уақытылы тазаланбауына қатысты шағымдар да толассыз түсіп жатыр.
Сәйкесінше экологтар, жергілікті әкімдік өкілдері мен полицейлерден құралған арнайы топ жедел тексеру жүргізіп, қоршаған ортаны ластаған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тартуда. 

Өткен жылы қала аумағында заңсыз пайда болған 148 қоқыс полигондары ғарыштық мониторинг жасау жолымен анықталды. Жергілікті бюджеттен бөлінген және жеке кәсіпкерлердің қаражатына 129 орын күл-қоқыстан тазаланды. Қалғандарын жою жұмыстары әлі де болса жалғасып жатыр. Кез-келген азамат өзі тұратын тұрғын үй маңында пайда болған күл-қоқысты смартфон камерасына түсіріп, 8 (778) 595-24-90 жедел желі номері арқылы хабарлай алады, - дейді экология департаментінің бөлім басшысы. 

Аталған жедел желі былтыр жылдың қыркүйегінен бері жұмыс жасап келеді. Заң бойынша уақытында қоқыс алынбаған контейнерлер үш тәулікте, стихиялық қоқыс орындары жеті жұмыс күні ішінде тазалануға тиісті.



Фото: дереккөз
Загрузка...