Маңғыстау облысында елді мекендерді ауызсумен қамту бағытында 16 жоба жүзеге асқан

12 Ақпан 2020, 14:18
1641
Бөлісу:
Маңғыстау облысында елді мекендерді ауызсумен қамту бағытында 16 жоба жүзеге асқан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Ақтаудан қашық қонған Бейнеу ауданының Есет, Толеп, Сарға мен Бейнеу ауылдарын сумен жабдықтау құрылысы аяқталып тұр.

Аймақ әкімі Серікбай Трұмовтың халыққа есеп беру кездесуінде Қарақия ауданына қарайтын Сенек, Құланды ауылдарына су сорғы станциясын, Түпқараған ауданының Таушық ауылына, Ақтауға іргелес Өмірзақ ауылының Приморский тұрғын массивіне, сондай-ақ Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылына сумен жабдықтау желілерін салу жұмыстарының толық аяқталғаны айтылды.

Біздің аймақта "Өңірлердің 2020 жылға дейін дамуы" бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге, сонымен қатар жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Осыған сәйкес облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 69-дан 75,86%-ға артты. Өткен жылы Маңғыстау облысында 327,7 шақырым су жеткізу және 52,68 километр су бұру желілері салынды, - деді облыс әкімі.
Әкімнің сөзінше, Маңғыстау өңіріндегі елді мекендерді электрмен жабдықтау тораптарының жалпы ұзындығы 11 мың 349,2 шақырымды құрайды. Оның жоспарланған 943,3 шақырымына жөндеу жұмыстары жүз пайыз орындалды.

Сондай-ақ, қазіргі таңда облыс бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 772,9 шақырым болса, оның былтырғы жылға жоспарланған 12 шақырымына жөндеу жұмыстары жасалды.

Қорыта айтсақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау тораптарын жаңғыртудың жалпы үлесі 1,5%-ға, электрмен жабдықтау 8,3% және газбен жабдықтау 2,5%-ды көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстары биыл да жалғасын табары сөзсіз, - деп ой қорытты Серікбай Трұмов.

Өзгелердің жаңалығы