Мамыр айынан көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерлер беріле бастады – депутат

4 Мамыр 2019, 14:50
2112
Бөлісу:
Мамыр айынан көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерлер беріле бастады – депутат
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Енді мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтер беріледі. 30 сәуір күні көпбалалы отбасыларға пәтер беру бойынша заң қабылданып, президенттің қол қоюына жіберілді. Бұл туралы ҚР Парламен Мәжілісі депутаты Гүлмира Исімбаева Алматыда көпбалалы аналармен кездесу кезінде айтты.

Депутаттың айтуынша, елімізде 31725 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр және солардың барлығын 2025 жылға дейін толық үймен қамтуға мүмкіндік бар.

«Енді мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға жалға пәтер беріледі. 30 сәуір күні көпбалалы отбасыларға пәтер беруге қатысты заң қабылданып, президенттің қол қоюына жіберілді. Оған бюджеттен 37 жылға 350 млрд теңге қарастырылған, жыл сайын 50 млдр теңгеге салынған үй де бар. Үй кезегінде тұрған аналар бүгін кезегіміз өзгеріп кетті деп жатыр. Себебі бұрын олар жеңілдігі бар 11 санаттың ішіне кіретін, қазір олар бөлек санатқа ауыстырылды. Кезек орындары ауысқанымен реттері жылдам жылжиды», - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол атаулы әлеуметтік көмекті алу төңірегінде жиналатын құжаттарға қатысты өз ойын білдірді. 

«Алматыда атаулы әлеуметтік көмек беру бойынша аналарды қабылдау жүйесі жұмыс істеп жатыр. Жеке куәлікпен келген аналар сол жүйеде болса, онда отбасына қатысты барлық құжаттар дайын тұрады. Олар ешқандай құжат тапсырмайды. Егерде отбасы мүшелері ол жүйеде болмай шықса, онда қосымша құжаттар талап етіледі. Ол сол құжаттарды жеткізсе атаулы әлеуметтік көмекті алуға толық мүмкіндігі бар. Атаулы әлеуметтік көмек осы жылдың сәуір айынан бастап беру қарастырылған және оған 159 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, 1 маусыманан бастап жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің ақшасы өседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімімен бір ай бұрын беру тапсырылды. Бұл қаражат 100 млдр теңгені құрайды», - дейді депутат. 

Гүлмира Исімбаева сөз арасында жастарды үймен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, Елбасы берген тапсырмалардың орындалу барысын айтты.

«Елбасы жастармен кездескен кезде Алматы, Шымкент, Түркістан облысында жұмыс істеп отырған жасатарды үймен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген. Соған қатысты да заңнамалық нормалар қабылданды. Қазір жастарға берілетін 1000 пәтер дайын тұр», - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы