Бас жаңалықтар
Маминнің жұмыс сапары: Жамбылдағы инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту
15 Маусым 2020, 20:16 177

Маминнің жұмыс сапары: Жамбылдағы инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 5 айында Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетті. Өңірде "Нұрлы жер", "Нұрлы жол", ИИДМБ, "Қарапайым заттар экономикасы", "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" және басқа да даму бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Экономиканың барлық дерлік сегментінде оң қарқын байқалады – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы 2,9%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,6%-ға, құрылыс көлемі 8,7%-ға өсті.

Биыл Жамбыл облысында 550 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі, 34 сумен жабдықтау нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 23 жоба іске асырылуда, оның ішінде "Тараз қаласынан Қырғызстан шекарасына дейінгі оңтүстік айналма жол" автожолын салу", "Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ" облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау", "Тараз – Жетібай – Тегістік – Ойық" автомобиль жолын реконструкциялау" жобалары бар.

2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы сомасы 1051,6 млрд теңгеге 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 68,6 млрд теңгеге 114 жоба мақұлданды, оның ішінде 2,2 млрд теңгеге 89 жоба қаржыландырылды.

Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен шамамен 17 мың адам қамтылды. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 831 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында ауылда кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі "Алаңнан сөреге дейін" жобасы  жүзеге асырылып жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын қысқартуға, бағаны тұрақтандыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуды қамтамасыз етуге 50 сауда орны мен көтерме-тарату орталығы, сондай-ақ 21 өңдеу кәсіпорны, 45 шаруа қожалығы мен 10 кооператив қатысады.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба іске асырылып жатыр, оның аясында 7,2 млрд теңге сомасына 2478 өтінім қаржыландырылды, облыстың 11 ауылдық округіндегі 7856 аула қамтылды.

Биыл Қордай ауданында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 387 жоба жүзеге асырылуда. 268 кентішілік көшелерді және аудандық маңызы бар 4 автожолды қоса алғанда, 350 км-ден астам жол жөнделеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін Қаракемер, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масанчи, Қарасу, Өтеген – 7 ауылы газдандырылады.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» шекара өткелін реконструкциялау жұмысы жолаушылар ағынын 4 есеге, ал автокөліктің мемлекеттік шекара арқылы өткізу қабілетін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтау көзделген. Алдағы кезеңде Қырғызстанмен шекарадағы барлық 8 бекетті кезең-кезеңімен реконструкциялау жоспарланып отыр.

Биылғы 12-13 маусымда Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тараз қаласында, Жамбыл және Байзақ аудандарында, сондай-ақ Қордай ауданының Масанчи, Қаракемер, Сортөбе және Қордай ауылдарында болып, өңірді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысымен танысты.

Фото: дереккөз
Загрузка...