Мамин республикалық маңызы бар жолдардағы құрылыс барысымен танысты

11 Қазан 2019, 07:28
1303
Бөлісу:
Мамин республикалық маңызы бар жолдардағы құрылыс барысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарына жасаған жұмыс сапары аясында үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын орындау бойынша берген тапсырмаларын іске асыру барысын тексерді, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Шығыс Қазақстан облысында премьер-министр «Өскемен ‒ Талдықорған» автожолын салу жобасының іске асырылу барысымен танысты. Биыл көлік қозғалысы жолдың 198 шақырымында ашылады деп  жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 763 шақырым болатын жолда қозғалыс 2020 жылы ашылмақ. Сонымен қатар, өңірде «Қалбатау ‒ Майқапшағай» тасжолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына қарай аталмыш жолдың 45 шақырымы пайдалануға берілетін болады.

Алматы облысында үкімет басшысына ұзындығы 314 шақырым болатын  «Өскемен ‒ Талдықорған« автожолының шығыс бөлігін қайта жаңарту, сондай-ақ, ұзындығы 184 шақырым болатын «Үшарал ‒ Достық» автожолының құрылыс жобасы туралы баяндалды.

Қарағанды облысында «Қарағанды ‒ Балқаш» автожолының учаскесінде жүргізіліп жатқан жұмыстар тексерілді. Осы жоба бойынша биыл қозғалыс жолдың 40 шақырымында ашылады. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша жол толықтай қозғалыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. «Қарағанды ‒ Теміртау» және «Қарағанды айналма жолы» жобалары бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, жолдың 61 шақырымы пайдалануға беріледі.

Премьер-Министр Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарының жолдарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Сонымен бірге, үкімет басшысы құрылып жатқан көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

««Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Алматы» жолдарын қозғалыспен келесі жылы толықтай қамтамасыз етуіміз керек», -  деді А. Мамин.


 

 

Өзгелердің жаңалығы