Мамин халықаралық қаржы құрылымдарының өкілдерімен кездесті

16 Мамыр 2019, 18:14
1458
Бөлісу:
Мамин халықаралық қаржы құрылымдарының өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін XII Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің, қытайлық CITIC Bank және үндістандық Punjab National Bank басшылығымен кездесулер өткізді. Бұл туралы Рrimeminister.kz мәлімдеді.


Халықаралық банк ұйымдарының делегацияларымен ағымдағы инвестициялық жобалар және экономиканың түрлі секторларында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары талқыланды. Кездесулер барысында шағын және орта бизнесті қолдау жобаларына, оның ішінде МЖӘ механизмдерін белсене қолдану арқылы да қолдауға баса назар аударылды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Алан Пиюмен келіссөздер бірлескен жобаларды іске асыру және тиімді ынтымақтастықты жалғастыру мәселелеріне арналды. 2018 жылы Қазақстан экономиканың барлық секторлары бойынша, оның ішінде тау-кен саласы, муниципальді және көлік инфрақұрылымы, жаңартылатын энергия көздері және ШОБ бойынша ЕҚҚДБ-мен $541 млн сомасына 26 жобаға қол қойды. 1993 жылдан бері, ынтымақтастық орнатылған сәттен бастап, Банк Қазақстанда 240 жобаға $8 млрд астам қаржы инвестиция салды.

Қазақстандағы ЕҚҚДБ активті қоржыны 124 жобаны қамтиды. Бүгінде жалпы сомасы 31,5 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылып жатыр. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - автожолдар реконструкциясы. Биыл «Күрті-Қапшағай» және «Атырау - Астрахань» учаскелерінің реконструкциясы бойынша екі жаңа жобаға қол қою жоспарланған.

Мамин халықаралық қаржы құрылымдарының өкілдерімен кездесті

Азия даму банкінің вице-президенті Шиксин Ченмен кездесуде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен құрылымдық реформалар жүргізуге бағытталған 2017–2021 жылдарға арналған Серіктестік туралы елдік стратегияны іске асыру аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда жалпы сомасы $831 млн-ға 3 ірі инфрақұрылымдық жоба және $11,7 млн сомасына 14 техникалық көмек жобасы іске асырылу сатысында. 2019 жылы 5 жобаны жүзеге асыру көзделген, соның ішінде жерді суландыратын жүйелерді жаңғырту, жолдарды және қала инфрақұрылымын реконструкциялау жобалары бар.

CITIC Bank директорлар кеңесінің төрағасы Ли Цинпинмен әңгімелесу барысында ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары, оның ішінде акционерлер құрамына China CITIC Bank кіретін «Altyn Bank» АҚ қызметі қаралды. Тараптар Банктің Қазақстан экономикасының нақты секторын несиелендіруге белсене қатысып отырғанын атап өтіп, клиенттерге қызмет көрсету мен корпоративтік басқаруда енгізіліп жатқан жоғары стандарттарды оң бағалады.

Punjab National Bank үнді банкінің төрағасы мен басқарушы директоры Сунил Мехтамен қазіргі ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде «Tengri Bank» АҚ жұмысы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, банк қызметтерін дамытудың заманауи әлемдік үрдістері және олардың жекелеген елдердің экономикасына әлеуетті ықпалы жөнінде пікір алмастырылды.


Өзгелердің жаңалығы