Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырған Үкімет енді ауыл тұрғындарына назар аударуға ниетті.
Бүгінгі таңда өңірлерге 2,3 млн астам вакцина жеткізілді. 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Вакцинаның қажетті көлемі бар. Сондықтан вакцинациялаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек, - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша,«Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық іс-шара іске асырылып жатыр.
Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар вакцина алғандардың саны артқанымен, азаматтар белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауды жалғастыруы тиіс, - деді Мамин.Қазіргі уақытта вирус жұқтырудың өсу қарқыны тұрақтанып келеді екен. Вирустың репродуктивтілік деңгейі аздап төмендеп, 0,98 құраған. Ауруханаларда орындар – 42 пайызға, жансақтау бөлімдері 28 пайызға толған.
Еліміздің 9 өңірі «қызыл аймақта». Олардың қатарында - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Батыс Қазақстан, Ақмола, Қараганда, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстары бар.