Мамин құрылыс материалдары нарығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

10 Маусым 2021, 12:22
3369
Бөлісу:
Мамин құрылыс материалдары нарығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында құрылыс материалдарының негізсіз өсуіне жол бермеу және осы нарықты бақылауда ұстау үшін бірқатар министрлікке тапсырма берді.

Құрылыстың жоғары қарқыны құрылыстағы барлық шығындардың үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қажеттілікті ұлғайтады. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды, - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақмерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұған дейін Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы тұрғын құрлыс материалдарының 16 пайызға қымбаттап, тұрғын үй бағасына әсер еткені туралы жазған болатынбыз.


Өзгелердің жаңалығы