Бас жаңалықтар
Мамин карантиннің 2 тамызға дейін созылғанын айтты
14 Шілде 2020, 10:53 204

Мамин карантиннің 2 тамызға дейін созылғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда карантин 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.

Қатаң карантиндік шектеу шараларының екінші аптасы өтіп жатыр. Вирустың таралуына қатысты жағдай күрделі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін елде шектеу шараларын тағы 2 аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз, - деді Асқар Мамин.
Ол барша қазақстандықты карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды. 
Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға карантинді одан әрі сақтау үшін барлық шараны іске асыруды тапсырамын. Дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар және үнемі толықтырылып отырады. Олар дәріхана желілері мен стационарларға нақты бөлу бойынша барлық шараны қамтамасыз ету қажет, - деді  премьер-министр.
Үкімет басшысы Атырау және Маңғыстау облыстарында вирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін осы өңірлерге мамандар жіберілгенін айтты. 
Бұл шара Атырау облысын - 102, Маңғыстау өңірін 56 маманмен жұмысты нығайтуға мүмкіндік жасайды. Аталған әкімдіктер жіберілген мамандарға көмек көрсетсін, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрі коронавируспен 46 мыңнан астам маман күресіп жатқанын айтқан болатын.

Фото: дереккөз
Загрузка...