Мамин мен Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың тезірек сауығуын тіледі

18 Маусым 2020, 17:43
1582
Бөлісу:
Мамин мен Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың тезірек сауығуын тіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сырқатынан тезірек айығып шығуын тіледі.

Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың коронавирус инфекциясына тапсырған тестінің нәтижелерін ерекше уайыммен және алаңдай отырып қабылдадық. Өз атымнан және Үкіметтің барлық мүшесінің атынан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына тезірек сауығып шығып, тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етуді тілеймін. Бақытымызға орай, Нұрсұлтан Әбішұлы өзін жақсы сезінуде және өзіне тән сергектігімен қашықтан жұмыс істеп жатыр, - деді Асқар Мамин.
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, жұқпалы індеттің Нұрсұлтан Назарбаевқа жұққаны ел-жұртты алаңдатып, Қазақстан халқы Елбасының тезірек сауығып кетуін тілеп жатыр.
Құрметті достар! Өкінішке қарай, коронавирус індеті Тұңғыш Президентіміз - Елбасыға да жұққаны анықталды. Бұл хабар бәріміздің де жанымызды жабырқатты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бүкіл жұртымыз Елбасының денсаулығына алаңдап, тезірек сауығып кетуін тілеп жатыр. Өмірдің талай аумалы-төкпелі өткелдерінен сүрінбей өтіп, қабырғалы қалың елін өркениет өріне бастап келе жатқан Елбасының бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне толық сенімдімін. Бұған менің ұзақ жылдар Елбасының қасында тығыз жұмыс істеп, тағлымын алып келе жатқан жан ретінде толық көзім жетеді. Елбасы - терең парасат пен асқақ рухтың ғана емес, мықты денсаулықтың да иесі. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, саламатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен шұғылданғанына талай куә болдым. Елге тұтқа, жұртқа тірек бола білген кемеңгер басшымыздың тезірек сауығып кетуін тілеймін!, - деген тілектестігін білдірді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар "Ақ жол" партиясының басшысы Азат Перуашев та Елбасының тезірек сауығып кетуін тіледі.

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Елін талай қиындықтан алып өткен рухы биік Елбасы бұл сынақты да жеңеді деп сенеміз. Нұрсұлтан Әбішұлына денсаулық тілейміз - деп жазды ол өзінің твиттердегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы