Мамин бірқатар министрлікке міндет жүктеді

22 Қыркүйек 2020, 10:31
841
Бөлісу:
Мамин бірқатар министрлікке міндет жүктеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұтынушылардың мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесі 1 қарашаға дейін енгізілуі тиіс. Осыған орай бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Премьер-министр Асқар Мамин бірқатар министрлікке міндет жүктеді.

Маусым айында үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің қатысуымен тұтынушылардың мүдделерін қорғау бойынша біртұтас жүйе жасауға ықпал ететін заңнамалық түзетулер қабылданған болатын. 

Осыған орай осы салада қоғамдық ұйымдардың бірлестігін құру қажеттілігі туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сауда министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушыларды қорғау бойынша омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтасын, - деді ол.

Сондай-ақ, Асқар Мамин Ұлттық экономика, Сауда және Әділет министрліктері нормативтік актілер жобаларының реттеушілік әсерін тұтынушыларды қорғау тұрғысынан талдау жүргізу бойынша міндетті талап қарастыру міндетін жүктеді. Сауда министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану және сенім деңгейін бағалауды қосу тапсырылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтынушылардың мүддесін ескеретін, ерікті іскерлік практика қағидаларының жинағы мен үлгілік шарттарды қабылдауы қажет. Сонымен қатар бизнесті тұтынушыларға ұсынатын қызметтер мен тауарларының сапасын жақсартуға ынталандыру шараларын пысықтау керек, - деді Мамин.

Сауда және Ақпарат министрліктері және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтынушыларды қорғау саласының өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу міндеті жүктелді. 

Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Тұтынушылардың мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесін жасау үшін тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, 1 қарашаға дейін енгізуді тапсырамын, - деді Премьер-министр. 

Тұтынушыларды қорғау бойынша біздегі жүйе Германия, Сингапур, Жапония сияқты елдердің озық тәжірибесін ескеруі керек, оларда Тұтынушы – Қоғамдық бірлестік – Мемлекет байланысы нақты ұйымдастырылған.

Олардың тәжірибесіне сәйкес азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар және туризм сияқты маңызды салаларға ерекше мән беру қажет.

Өзгелердің жаңалығы