Мамин бағаны тұрақтандыру бойынша нақты тапсырмалар берді

7 Қыркүйек 2021, 10:34
4959
Бөлісу:
Мамин бағаны тұрақтандыру бойынша нақты тапсырмалар берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.

Үкімет Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында экономиканың секторларында құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады, - деді Мамин.

Ол атағандай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу ұйымдастырылып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі.

Өндірушілерге жеңілдікпен кредит пен субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Мамин азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясындақажет болса, тапшылықорын алып отырған, немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды экспортқа шығаруға шектеу енгізу көзделетінін айтты.

Медициналық қызметтердің кешенді тарифтерін және бірқатар медициналық тауарлардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі. Инфляция импорты жоғары өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар. Ақша-кредит саясатының аясында, инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлемін бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады, - деді Премьер.

Оның айтуынша, бұл шаралардың бәрі биылдың соңына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді.

Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін мақұлдауды ұсынамын. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар көзделген шараларды орындауға дереу кірісулері қажет. Ұлттық экономика министрлігіне инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының іске асырылуын мониторингтеп тұруды тапсырамын, - деп түйіндеді Мамин.

Өзгелердің жаңалығы