Мамин «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің отырысын өткізді

19 Қыркүйек 2019, 14:54
1807
Бөлісу:
Мамин «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы primeminister.kz сайты жазды. 

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарма холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында холдингтің инвестициялық саясатының талаптарын орындау мәселесі қаралды.

2018 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниялары экономиканың шикізаттық емес салаларындағы кәсіпорындарға 715,2 млрд тг көлемінде қолдау көрсетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қаржылық қолдау көлемі 14%-ға (89 млрд тг) өсті.

Экономиканың жеке секторын дамыту мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілеріне немесе олармен үлестес заңды тұлғаларға қатысы жоқ 3590 компания мен ұйымға 541 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Экспортқа бағытталған өндірісті қолдау шараларының арқасында 2018 жылы кәсіпорындардың экспорт көлемі 750 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға (36,8 млрд тг) артық.

2018 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ индустриалды-инновациялық қызмет субъектілеріне жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге 18 грант берді. Салыстыру үшін — 2017 жылы жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын инновациялық гранттар беру туралы 9 келісім жасалды.

Өткен жылы холдинг бизнес-инкубаторларға шығындарын бірлесіп қаржыландыру түрінде қаржылық қолдау көрсетті, сонымен қатар, инновациялық қызметті кеңінен дәріптеу бойынша жұмыстар жүргізді.

Отырыста «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2019 жылдың екінші тоқсанындағы тәуекелдері туралы есеп, сондай-ақ, холдингтің ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің 2019 жылдың бірінші және екінші тоқсандарындағы қызметінің қорытынды нәтижелілігі туралы есеп бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы