Мамин Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумына қатысты

31 Қазан 2019, 09:10
2559
Бөлісу:
Мамин Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумына қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумына қатысты.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Гаага қаласына ресми сапары аясында Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты.

М. Рюттемен кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, IT, ғылыми салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.  

img-3492-1080-2.jpg

"ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Нидерландымен тұрақты серіктестік өзара қарым-қатынастарының негізін салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті жақтаушы көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі», - деді Мамин. 

Өз кезегінде, М.Рютте Қазақстан премьер-министрінің Нидерландыға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының және Нидерланды Корольдігінің премьер-министрлері V Қазақстан-Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты, оның аясында екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен 5 құжатқа қол қойылды: 

img-3489-1080-2.jpg

  • "K-Agro" қазақстандық компаниясы мен нидерландылық "Farm Frites" компаниялары арасындағы Жамбыл облысында фри картобын өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім. Жобаның құны - $145 млн;

  • "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ мен "NEVASCO" компаниялар тобы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер саласындағы жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

  • Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен "Вахенинген" университеті арасындағы қазақстандық аграрий студенттерді оқыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум. "Вахенинген" университеті ‒ жаратылыстану ғылымдары, табиғи ресурстарды басқару, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші орталықтардың бірі;

  • "ТКШ Қазорталығы" АҚ-мен "Witteven+Bos" арасындағы канализациялық тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау туралы бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

  • "Dal Agro Park" пен "Dutch Greenhouse Delta" арасындағы Түркістан облысында 200 гектар агропарк салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

Форумға 200-ге жуық нидерландтық және қазақстандық бизнес өкілдері қатысты. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК» АҚ, AХҚО, Deloitte, Shell, Нидерландының Бизнес және жұмыс берушілер конфедерациясының және т.б. өкілдері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту перспективалары туралы баяндады. Форумға қатысушылар өз мүмкіндіктерімен таныстырып қана қоймай, сонымен бірге B2B (business-to-business) форматында әлеуетті серіктестермен жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізді. 

img-3367-1080-2.jpg

ҚР премьер-министрі Shell, Bitfury, SuezGroup, Farm Frites, Dutch Fruit Solutions нидерландтық компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді, олармен Қазақстанда энергетика, деректерді өңдеу және блокчейн-технологиялар, білім беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және т.б. салалардағы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

Үкімет басшысы World Horti Centre халықаралық жылыжай бағбаншылығына арналған білім және инновациялар орталығына барып, хайперлуп (Hyperloop) жаңа көлік жүйесін әзірлеумен айналысатын "Hardt Hyperloop" компаниясының қызметімен танысты, бұл көлік жүйесі жеңілдетілген болат құбырлар бойымен капсула түріндегі шағын қайықтарда сағатына 1 мың шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді.

Нидерланды - Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары Нидерландыдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $92 млрд-тан асты. Қазақстанда Нидерланды капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $6,5 млрд құрады.


Өзгелердің жаңалығы