Мамин егін жинау науқанының жүргізілу барысын бағалады

3 Қыркүйек 2019, 11:47
1929
Бөлісу:
Мамин егін жинау науқанының жүргізілу барысын бағалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы егін жинау жұмыстарын жүргізу барысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, сондай-ақ ҚР премьер-министрінің орынбасары Ж. Қасымбек баяндама жасады.

"Биылғы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егілген аумақ көлемі – 22,2 млн га (2018 ж. деңгейден 206 мың га немесе 0,9%-ға артық). Дәнді дақылдар – 15,4 млн гектар (оның 11,4 млн гектары – бидай), майлы дақылдар 2,9 млн гектар алаңда, мақта – 131,1 мың гектарға, қант қызылшасы – 19,6 мың гектарға, картоп пен көкөніс-бақша дақылдары – 452,4 мың гектарға, азықтық дақылдар – 3,3 млн гектарға егілген" - делінген таратылған ақпаратта.

Жамбыл (99,6%) және Түркістан (100%) облыстарында дәнді дақылдарды жинау аяқталу сатысында. Бұл өңірлер бойынша астық түсімі орта есеппен 19 ц/га құрады. Жалпы еліміз бойынша 4,5 млн га аумақта дәнді дақылдар жиналды - 22,8%. Орташа түсімділігі 11,5 ц/га болғанда 5,2 млн тонна астық бастырылды.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін қажетті 395 мың тонна жанар-жағар май бөлінді (ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін орташа бағасы 179 теңге/литр). Орташа орындалу пайызы – 50%.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин егін орағын сапалы және уақытында өткізу, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

«Егін жинауға уақыт аз қалды. Негізгі астықты өңірлерде ауа-райы тұрақсыз болып тұр. Сондықтан егінді уақытында жинаумен қатар, жұмысты барынша шығынсыз орындау өте маңызды. Жалпы егін орағы науқанының барысы жаман емес. Үкімет тарапынан егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылданды», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы астық сақтау кәсіпорындарының астықты қоймаға уақытылы қабылдауы қажеттігіне және жиналған астықты сақтаудың тиісті шараларын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Өзгелердің жаңалығы