Малсақты мансап қызықтырмайды – жас кәсіпкер

29 Наурыз 2021, 14:55
1472
Бөлісу:
Малсақты мансап қызықтырмайды – жас кәсіпкер

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Абай Ыдырысов отбасылық ферма ашу үшін қаладан туған ауылына қайта көшіп барды. Жас кәсіпкер Қостанайда экономист болып бір жарым жыл жұмыс істеген.

Ол Алтынсарин ауданының Шоқай елді мекенінің тумасы. Қазір бұл ауылдың тұрғындары мыңға жетпейді. Элеватор жабылып қалған соң, мұндағы көпшілік қалаға қарай қоныс аудара бастаған еді. Алайда, Абай туған ауылының болашағына сенді. Шоқайға қайта көшіп барып, мемлекет қолдауымен кәсіп ашуға кірісті.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысқаннан кейін жеңілдікті шарттармен несие алдым. Қолыма тиген 6 млн теңгеге 30 бас ірі қара сатып әкелдім. Әзірге шағын сүт фермасын қолға алып отырмын. 260 га жайылым бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Биыл тендер арқылы тағы жер алып, кәсібімді кеңейткім келеді, - деп жоспарларын айтты ол.

Жас фермердің шаруашылығында жылқы мен қой да бар. Жақында асыл тұқымды бұқа сатып алды. Голштин бұқасын жергілікті сиырлармен будандастырмақ.

Қалада тұрып, мемлекеттік қызметте істедім. Туған жерімде кәсіп бастауды көптен ойлап жүргенмін. Сөйтіп, көшуге бел будым. Ата-анам осы жерден. Осы жерде мен де отбасымды құрдым, бір қызымыз бар, - дейді жас кәсіпкер.

Шағын фермада бүкіл отбасы жұмыс істейді. Абайдың өзі сиыр сауады, ағасы мал жайлайды. Тіпті, анасы да көмектеседі. Сүтті жергілікті кәсіпкерлерге тапсырады, өнім одан әрі облыс орталығында өңделетін зауыттарға жіберіледі. 

Өзгелердің жаңалығы