Бас жаңалықтар
Максим Рожин: Қазақ тілінің еріктісіне айналайық
25 Ақпан 2020, 19:15 1045

Максим Рожин: Қазақ тілінің еріктісіне айналайық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында еліміздегі танымал фотограф, қоғам белсендісі, журналист Максим Рожин қазақ тілін үйренуге қатысты үндеу жариялады. Оның сөзінше, бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарға қоғам болып ерікті түрде қол ұшын созу. 

Қазір біздің қоғамда "мемлекеттік тіл бізге керек пе?", "оны білмейтіндер осы уақытқа дейін неге үйренбеген?" деген бір сарындағы топ бар. Оларды тіл жанашыры деп айтуға болады. Сонымен қатар оларға қарсы шығып жүрген тағы бір топ бар. Олар "біз тілді осы уақытқа дейін үйрене алмадық", "бізге жағдай жасалмады", "осы мәселе бойынша қанша көмек іздедік, алайда таппадық", "мемлекет бұған көп қаражат жұмсады, нәтиже жоқ" дейді. Осылай айтатындар қазақ тілін әлі білмейді. Мысалы, бір азаматымыз осы тіл мәселесі бойынша президентке жолдау жасапты. Оның сөзінше халықтың бір бөлігі бұған наразы. Жалпы соңғы уақытта осы тіл мәселесінің айналасында әлеуметтік желіде де, өмірде де кей дауларды байқап жүрмін. Сондықтан бұл мәселені дауласпай, бір халық, бір ел болып шешетін кез келді деген ойға тоқтадым, - дейді Максим Рожин. 

Оның сөзінше, қазақ тілін үйренгісі келетін адамға ерікті қолдау көрсету өте маңызды.
Биыл Абай атамыздың 175 жылдығы, сондай-ақ еріктілер жылы. Әрқайсымыздың қасымызда қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтар көп. Сондықтан "Неге әрқайсымыз қазақ тілінің еріктісі болмаймыз?", "Неге қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға ерікті түрде қол ұшын созбаймыз?" деген оймен үндеу тастадым. Жалпы осы үндеудің негізінде тілге жанашыр болып жүрген өзге ұлт өкілдері, филолог мұғалімдер, белсенді қоғам қайраткерлерімен кездесіп, шын мәнінде еріктілік аясында істелетін белгілі бір әрекеттерді талқылаймыз. Бұл үндеу жай қалып қоймай, соңы нақты іске ұласса екен деген ниет бар. Біздің елде қазақ тілін үйренген бірнеше мың өзге ұлт өкілі және шетел тілін меңгерген қазақтар баршылық. Олардың тіл үйренудегі тәжірибесі мол. Біздің мақсат – сол тәжірибені бір жерге жинап, үйістіріп, азаматтарға көмектесу. Ол үшін форум немесе жиын өткізудің қажеті жоқ. Әрқайсымыз өз орнымызда тілді үйренуге ниет еткен адамдарға қол ұшын созуымыз қажет. Қазақ тілі дамып, өзіне лайықты денгейде болсын десек, қазақ тілін оқытып жатқандар, үйренгісі келетіндер, қазақ тілін білетіндер, барлығымыз осы мәселеде бірігейік! Еріктілер жылында мемлекеттік тілімізге де бір пайдамызды тигізіп, тіліміздің еріктісіне айналайық, - деді қоғам белсендісі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...