Магистратураға түсу үшін өз орнына өзгені кіргізбек болған 25 үміткер ұсталған

22 Тамыз 2019, 17:36
1870
Бөлісу:
Магистратураға түсу үшін өз орнына өзгені кіргізбек болған 25 үміткер ұсталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл магистратураға тапсырған үміткерлер арасында емтиханда өз орнына басқа біреуді кіргізбек болғандар бар. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы Дидар Смағұлов айтты.

Жоғары оқу орнын әрі қарай жалғастыру үшін магистрантураға тапсыратындардың кешенді тестілеуі 10-15 тамыз аралығында өткен.

«Биыл магистратураға түсу айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Біріншіден, жаңа формат енгізілді. Бұған дейін тек шет тілі бойынша тестілеу тапсырып, екінші кезеңде ЖОО кафедраларында бейіні бойынша бірдей қағидаттарға негізделмеген емтихан тапсыратын. Бұл өз кезеңінде жұртшылық, құқық қорғау органдары тарапынан жемқорлық тәуекелдерінің болуына қатысты сынға ұшырап жүрді. Биыл емтихан барлық үміткерлер үшін стандартты түрде кешенді тестілеу форматында өтті. Осылайша, барлық талапкерлерге бірдей сұрақтардың берілуіне кепілдік беріп, біреуді артық көру мүмкіндігін жоққа шығардық. Екіншіден, министр Асхат Аймағамбетовтің бұйрығымен алғаш рет тестілеу өткізу ережелерін қамтамасыз ету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топтардың өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері, белсенді азаматтар бақылаушы ретінде тартылды», - дейді Дидар Смағұлов. 

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу 27 пунктте өткен.

«Жалпы, кешенді тестілеуге қатысу үшін 30579 өтініш қабылданды. Оның ішіндетестілеуге 28131 адам келді. Бұл өтініш берген түсушілердің жалпы санының 92%-ын құрайды. Оның ішінде қазақ тілінде - 16786 адам, орыс тілінде - 10729 адам, ағылшын тілінде-208 адам. Кешенді тестілеу кезінде 217 аудитория пайдаланылды. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының сигналдарын басу және бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілді», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, 1 мыңнан астам үміткер емтихан кезінде көшіріп, тыйым салынған заттарды пайдалануға тырысқан. Сөйтіп, 1021 үміткердің нәтиже жойылған.

«25 адам өзінің орнына басқа адамды емтиханға кіргізуге тырысқан. Әрбір дерек бойынша ақпарат ІІМ-ге жолданды. Жалпы, 21 мыңнан астам аса тыйым салынған заттар тәркіленді. Әрине, емтихан тапсырушылардың көбі ол заттарды өз еркімен тапсырды», - деді орталық басшысы.

Өзгелердің жаңалығы