Бас жаңалықтар
Маған жала жауып, орнымнан кетіргісі келеді – судья Светлана Жолманова
11 Мамыр 2021, 13:05 743

Маған жала жауып, орнымнан кетіргісі келеді – судья Светлана Жолманова

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Парамен ұсталды деген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова онлайн брифинг өткізіп, жағдайдың қалай болғанын түсіндірді.

Ол өзінің жұмыс кабинетінде табылған 10 мың доллар қаражаттың қылмыстық іске еш қатысы жоқ екенін айтады.

Ол анама үй аламыз деп жүрген ақша болатын. Сол күні ағам екеуіміз ол ақшаны Отбасы банкіне алғашқы жарна ретінде құймақшы болдық. Өйткені егде жастағы анамды маған жақын жерге көшіргіміз келді, - дейді ол.

Сонымен қатар ол тергеу барысында және кейін де өзін ұстамағанын, оның үстіне сотқа дейінгі тергеу де басталмағанын айтады.

Бұған дейін желіде және БАҚ-та жарияланған "миллион доллар пара алды" деген қауесет жала жабу және шындыққа жанаспайды. БАҚ-та дүрбелең туғызу маған қысым көрсетудің бір түрі. Оны менің жеке басыма жасалған шабуыл ретінде қабылдаймын. Кейбір мүдделі адамдар істің осылай өрбігенін қалайды. Соған сәйкес қоғамда судьяларға деген теріс көзқарас қалыптасып, елімізде әділ сот жоқ деген ой туындауда, - дейді Жолманова.

Сонымен қатар ол құқық қорғаушылардың баса-көктеп кіріп келген әрекетінен шок алып, мең-зең күйде қалғанын жеткізді.


Сол кезде менің басшылығым мен ҰҚК қызметкерлері тарапынан жасалған мұндай іске қаймығып, мең-зең күй кешкенім рас. Олар тергеу ісін заңсыз жүргізді. "Тексеріс жүргізуге сот пен Бас прокурордың рұқсаты бар ма?" деп сұрағанымда олар "Бар" деп жауап берді. Қазір олар мені алдағаны белгілі болды, сондықтан мен оларға қарсылық көрсеткен жоқпын әрі таза екеніме сенімді болдым. Басшылығым Асқар Смайлов пен Әсет Боранбаев желіге менің пара алу кезінде ұсталғаным туралы ақпаратты таратқан. Алайда бұған дейін ешбір судьяға қатысты мұндай жылдам шешім шығарылмаған, - дейді ол.

Сондай-ақ ол жұмыс кабинетіне бейнебақылау камерасы орнатылғанын, соның салдарынан құпия мәліметтер сыртқа тарап келгенін айтып, ҰҚК қызметкерлерінің ісін заңға қайшы деп атады.

Өткен жылдың шілде айынан бері менің бөлмемде жасырын бейнекамера мен тыңдау құрылғысы қойылғаны белгілі болды. Оны ҰҚК-нің қызметкері Сұлтан Күлібаев қойды деп ойлаймын. Ол Алматы қаласы соттарына жетекшілік етеді. Бұл жерде соттық іске қатысты мәліметтер сыртқа шығып отырған. Ол дұрыс емес. Қазір менің соттық өкілеттілігім тоқтатылды. Ол судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалған жағдайда ғана тоқтатылады. Алайда менің үстімнен қылмыстық іс қозғалған жоқ, мен тек куәгер ретінде қарастырылудамын. Жоғары соттан ешқандай реакция жоқ, - дейді Жолманова.

Сөз арасында ол бұл іспен неліктен ҰҚК айналысып жатқанына таңырқайтынын жеткізді.

Мен судья ретінде мемлекеттік мүддеге қарсы келетін ештеңе істегем жоқ және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай қатер төндіріп тұрғам жоқ. Сондықтан менің ісіммен неге ҰҚК айналысып жатқанын түсінбеймін. Негізі жемқорлық пен пара алу ісімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік айналысатын, заң бойынша ҰҚК жемқорлық пен алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғай алмайды. Мұның барлығы белгілі бір адамдарға менің тарапымнан ыңғайсыздық туған соң жасалып отыр деп ойлаймын, - дейді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...