Бас жаңалықтар
Мәдениет және спорт министрлігі 1,8 млрд теңгені игере алмай отыр
13 Қазан 2020, 10:00 761

Мәдениет және спорт министрлігі 1,8 млрд теңгені игере алмай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында өткен 9 айдың ішінде мемлекеттік бюджет қаржысын игере алмаған органдарды атады.

Тоғыз айдың ішінде мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 99,5%-ды атқарылды.Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. 

26 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу 6 млрд теңге болса, игерілмегені – 20 млрд теңге. Мәдениет және спорт министрлігі (1,8 млрд теңге), Бас прокуратура – 1,5 млрд теңге, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  (1,4 млрд теңге), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (0,9 млрд теңге) секілді мемлекеттік органдарда ең көп сома игерілмеген, - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, бөлінген қаржыны игере алмаудың негізгі себептерінің қатарында конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерінің ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарларды жеткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу бар.

Осыған орай орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ, Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажет. Пайдаланылмаған резервтік ақшаны ағымдағы жылдың соңына дейін бюджетке қайтаруға тура келеді.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 30 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген, - дейді министр. 

Алдын ала мәліметтер бойынша оларға 1 қазанға 1,5 трлн теңге бөлінген.

Оның ішінде 99,5%-і игерілген. Атқарылмағаны - 8 млрд теңге. Оның ішінде 2 млрд теңге үнемделді, 6 млрд теңге игерілмеді. Өңірлер арасында  Ақтөбе – 0,9 млрд теңге, Батыс Қазақстан – 0,6 млрд теңге, Қарағанды облыстарында – 0,5 млрд теңге және Нұр-Сұлтан қаласы 0,5 млрд теңге соманы игеріп үлгермеген, - дейді ол.

Фото: дереккөз
Загрузка...