Бас жаңалықтар
Маңғыстаулықтар министрлер сапары туралы не дейді?
16 Наурыз 2019, 13:39 1410

Маңғыстаулықтар министрлер сапары туралы не дейді?

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының шалғай аймаққа жасаған жұмыс сапары жөнінде хабарлаған болатынбыз. Ендігі кезекте осы өңірдің Ақтаудан кейінгі ірі елдімекені - Жаңаөзен қаласына жасалған бір күндік сапар аясында министрлер тарапынан нендей іс-әрекет болғанына қысқаша шолу жасауды жөн санадық.


Алдымен ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинованы мұнайшылар қаласының тұрғындары қалай қарсы алғанына тоқталған жөн.

Қазақ елі зор үміт артқан ведомствоның жаңа басшысы қала тұрғындары және активімен кездесу алдында бірқатар білім нысанын аралап шықты. Жаңаөзендегі маңдайалды бастапқы оқу кешендерінің бірі саналатын мектеп-гимназия ұстаздарымен жүздесті.

Мұндағы ІT және робототехника сыныптарына бас сұғып, оқушылардың жұмысымен танысты.



Педагогтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жекелеген мәселелердің тез арада оң шешімін табуын қадағалайтынын жеткізді.

"Жуық арада әліппенің қайтадан қолданысқа берілуі күллі педагог қауымы күткен хабар екендігі рас. Бұдан басқа, оқушы сөмкесін жеңілдетуге қатысты мәселенің сіздің араласуыңызбен оң шешімін табарына сенеміз. Айлық жалақының өсуі ұстаздың тұрмыстық мәселелерін шешіп, қызметіне алаңсыз кірісуіне жол ашып отыр. Елбасының осындай игі бастамалары нәтижелі жүзеге аса берсін" - деді жаңаөзендік мұғалімдер.

Күләш Шамшидинованың айтуынша, бірінші шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30% өскен соң қала мектебінде сабақ беретін жоғары санатты мұғалімнің айлық жалақысы 158 034 теңгеге, ал оның ауылдағы әріптесінің еңбекақысы 180 мың 908 теңгеге жетіп отыр.

"Расын айту керек, жалақысының артуы мұғалімдердің  өмір сүру деңгейін көтереді. Ең бастысы, олардың жауапты жұмысының сапасына оң әсер етеді. Сондай-ақ мұндай оң өзгеріс жас мамандар үшін де жақсы бастама болары сөзсіз" - деді қазақ елінің бас мұғалімі.

Айта кетейік, осы өңірде апатты жағдайда тұрған бірде-бір мектеп жоқ. Халықтың табиғи тууы жөнінен республикада бірінші орында тұрған облыста орта білім беру нысандарына сұраныс жоғары. 

Тек былтырдың өзінде Маңғыстау облысында жалпы саны 6300 орындық 9 мектеп пайдалануға берілген еді.

Кеше министрлер барған Жаңаөзен қаласында 2018-2019 оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді.  

Жалпы мұнайшылар шаһарында бас-аяғы 24 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Оларда 30 мың 579 оқушы білім алады.

Білімнен бөлек қала халқының денсаулық саласын дамытуға қатысты айтары бар. Тұрғындар осы саладағы ой-пікірін министр Елжан Біртановқа айтты.



Тоқтала кетейік, денсаулық сақтау министрі де өз кезегінде Жаңаөзендегі бірқатар медициналық мекемелерге барды.

Бірінші ғимарат 95 төсекке арналған қалалық балалар ауруханасы болды. Медициналық нысан 2017 жылы ашылған. 

Министр аурухана ұжымымен жүздесіп, көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Бұдан соң Елжан Біртанов гемодиализ орталығына бас сұқты. Бұл кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жеке инвестиция есебінен 51 млн теңгеге салынған. 



Орталық дәрігерлері созылмалы бүйрек жетіспеушілігі сырқатына шалдыққан науқастарға жоғары білікті амбулаториялық және гемодиализдік көмек көрсетеді. Бұрын бүйрегі ауыратын тұрғындар облыс орталығына қатынауға мәжбүр болатын.

Жаңаөзенде заманауи үлгідегі медицина орталығының ашылуымен тұрғындарының осы мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Министр Елжан Біртанов барған келесі нысан - №2 қалалық емхана болды. Ведомство басшысы мұндағы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің  жұмысына зер салды.

Цифрландыру аясында жасалған ақпараттық жүйе мен мобильді қосымшаның жұмысын көрді. Амбулаториялық карталарды қағазсыз жүргізу және диагностикалық зерттеулер деректерін қала тұрғынының электронды денсаулық паспортына енгізу жұмыстары жолға қойылғанын айрықша атап өтті. Осы ретте дәрігерге онлайн жазылып, қабылдауға келіп тұрған көпшіліктің алғысын алды.

"Бұрын біз дәрігерге кіру үшін бірнеше сағаттап уақытымызды жұмсайтын едік. Қазір бар-жоғы 15 минуттан аспайды. Біз цифрлы технологиялардың медициналық мекемелерге жеткеніне қуаныштымыз. Өз басым дәрігерге қаралуды үнемі кейінге қалдыратынмын. Себебі кезекке тұрып, шаршауға ниет болмайтын. Қазір мұндай мәселе жоқ" - деді министрге өзін Гауһар деп таныстырған қала тұрғыны.



Министр Біртанов сонымен қатар Жаңаөзен қалалық ауруханасын да аралап көрді. Бұл жерде мұнай компаниясының демеушілігімен жөндеу жүріп жатыр. 

Қала билігі ғимаратты қалпына келтіру шараларының келер жылдың басына дейін аяқталарын жеткізді.

Елжан Біртановтың назарынан Жаңаөзенге көрші қонған Жетібай селолық емханасы да тыс қалмады. 

"Ауылдық емхана болса да, мұнда цифрландыру бойынша  түсіндірме жұмыстары өте жақсы жүргізілген. Жергілікті халық ұялы телефондағы қосымша арқылы дәрігерге жазылып, уақытын үнемдей алатынын көріп отырмын. Осы жұмыстар өңірдің барлық елді мекенінде жүргізілсе құба-құп" - деді Елжан Біртанов.

Өңірге көрші Ақтөбе облысын басқарған, қазірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың халықтың ерекше назарында болғанын айту да артық.

Ол халық алдында сөйлеген сөзінде Маңғыстау облысындағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 33 928 теңгені құрап отырғанын атап өтті. 

"Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - 23 749 теңге. Дәл осы соманы көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасылар ай сайын бір балаға алуға құқылы. Жалпы Маңғыстау облысында осы шамадағы айлық-есептік көрсеткішке тең әлеуметтік төлемді 14 мың 211 адам, ал тек Жаңаөзенде 3 мың адам алатын болады" - деді Бердібек Сапарбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келер сәуірден бастап аз қамтылған отбасы табысын есептеудің жаңа ережелерін енгізілетінін айтып, халықты қуантып тастады.

"Ендігі кезекте бала күтімі, мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақы, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгілерін иеленушілерге берілетін жәрдемақы, стипендиялар мен тағы басқа да мемлекеттік төлемдер табыс көзі болып саналмайды. Сондай-ақ, құжаттарды тапсыру процесі де жеңілдетіледі. 1 сәуірден бастап тек өтініш жазу ғана жеткілікті саналады, қалған шаруаны жергілікті жұмыспен қамту орталықтары мен әкімдіктер атқарады", - деді Бердібек Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, мүгедек бала күтіміне, соның ішінде туғанынан 1 топтағы мүгедек бала күтіміне төленетін қаржы 41 мың 578 теңгеге өсті. Маңғыстау облысында бұл көмек қаржыны алты мыңдай, ал Жаңаөзенде 1 мың 156 адам алатын болады. 

"Көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту үшін, өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде бірқатар шара көзделген. Мәселен, көпбалалы ауыл тұрғыны үшін жаңа бизнес-идеяға 505 мың теңге көлемінде ақысыз негізде мемлекеттік грант беріледі. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға және ауылда мүгедектігі бар адамдарға өз ісін ашу үшін 6,5 млн теңгеге дейін жеңілдікті шағын несиелер беріледі. Бұдан басқа, көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындары ашылады және қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту жүргізіледі" - деді министр.



Ел Үкіметі жанынан құрылған жұмыс тобын  Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың бастап жүргені осыған дейін айтылды.

Вице-премьер қала активімен кездесу алдында Бердібек Сапарбаевпен бірге Жаңаөзендегі ірі тігін фабрикасында болды. Бұл жерде бүгінде төрт жүздей адам жұмыс істейді. Олардың тоқсан бес пайызы нәзік жандылар құрайды. 



Іргелі кәсіпорында мұнай және басқа техникалық салалар үшін арнайы киімдер тігіледі. Мекеме басшысының айтуынша, фабрикадағы ең төменгі еңбекақы 136 мың теңгеден басталады.

Ұжыммен жүздесіп, ісіне береке тілеген Үкімет мүшелері бұдан әрі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне барды.



Солардың бірі көпбалалы ана Жадыра Нарымбаева. Ол алты бала тәрбиелеп отыр. "Күміс алқа" иегері көп уақыт жұмыс таба алмапты. Жақында пошта таратушы болып жұмысқа орналасқан.  

Оның жерлесу Нұрбике Егізбаева да "Күміс алқа" тағынған. Орта мектепте жұмыс істейді. Әкімдік өкілдері жолдасын сервистік компанияға орналастырғаны үшін шексіз алғысын білдірді. 



Көпбалалы, аз қамтылған жанұялармен кездесуде Гүлшара Әбдіхалықова мемлекет тарапынан көрсетілетін жаңа әлеуметтік қолдау шараларын, оларды іске асырудың мақсаттары мен тетіктерін жан-жақты түсіндірді.

Сондай-ақ көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алу ережелеріне де тоқталып өтуді ұмытқан жоқ.



"Бүгін біз секілді отбасыларға Үкіметтен қаралған көмектер туралы вице-премьердің өзінен естідік. Оң бастамалар жалғаса берсін, біз өз кезегімізде жерлестерімізге осы ақпаратты бөлісіп, айтатын боламыз" - деп отыр Үкімет мүшелері үйлеріне барған көпбалалы аналар.

Осы ретте қоса кетелік, жыл басында Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 100 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсету туралы шешім қабылданған болатын. 

Гүлшара Әбдіқалықова мен Бердібек Сапарбаев бұдан соң халықты жұмыспен қамту орталығына барды. Ондағы мамандардың Жаңаөзен қаласында жыл аяғына дейін 5260 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға уәдесін алып, сәттілік тіледі.

Фото: автордан

Сізден жаңалық