Бас жаңалықтар
Маңғыстауда өзге ұлт өкілдері алғыс айтты
01 Наурыз 2019, 15:19 354

Маңғыстауда өзге ұлт өкілдері алғыс айтты

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Каспий жағасындағы шаһар халқы Алғыс айту күнін ізгі шаралармен атап өтуде. Таңсәріден бері облыс аумағындағы мәдени-демалыс кешендері, әскери бөлімдер мен әлеуметтік нысандарда концерттік бағдарламалар мен қайырымдылық акциялары өтіп жатыр. Негізгі бағдарлама күн аяғына дейін өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында болады деп жоспарланған.


Ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдері әлеуметтік және мәдени кешендерде концерттік бағдарламалар өткізуде. Ұйымдастырушылар алқасының құрамында түрлі мекеме-кәсіпорын өкілдері мен іскер азаматтар да бар. Жыл басынан бері өткізілген қайырымдылық шаралары бір мыңнан астам аз қамтылған жанұяны қамтыған еді.


Мәселен, қаңтар айында өткен «Сарқыт» акциясы аясында 566 көмекке мұқтаж отбасыға, жетім балалар мен жалғыз басты көп балалы аналарға 34 млн теңгеден астам қаржылай және материалдық көмек көрсетілді.

Ал ақпан айындағы қайырымдылық шаралары «Сыбаға» атауымен бастау алған болатын. Аз қамтылған жанұяларды киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз етуден бөлек «Туған жер» жобасы аясында 210 орындық студенттерге арналған жатақхана құрылысы, мүжәлсіз отбасыларға баспана кілтін табыстау және ауылішілік қатқыл жол төсеу секілді іс-шаралар атқарылды. Жалпы алғанда, ақпанда бас-аяғы 765 отбасыға қаржылай қолдау көрсетілді.

Татар ұлттық мәдени бірлестігінің төрағасы Фандаль Сахибгареевтің айтуынша, мұндай ізгі шаралар жыл бойына жалғаса береді.

«Бүгінгі мереке Қазақстанды ортақ үйім деп білетін ұлт өкілдерінің бауырмал қазақ халқына алғыс айту күні. Ылайым бірлігіміз жараса берсін. Жыл басынан бері облыс көлемінде өтіп жатқан қайырымдылық акцияларға өңірлік Ассамблея өкілдері белсене қатысып келеді. Барлығы бірдей көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың алғысын алып жатыр. Бұл шаралар жыл бойына жалғаса беретініне мен сенемін», - дейді ол.

Мереке күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Мейірім, Бірлік, Алғыс» тақырыбында қайырымдылық кеш өтеді. Ізгі шараға аймақ әкімдігің өкілдері, Ассамблея мүшелері, меценат компаниялар мен іскер азаматтар қатысады деп күтілуде.

«Бағдарлама жоспары бойынша сахнаның шетіне арнайы сандықтар қойылады. Шараға қатысушылар сол сандықтарға қалауынша қаражат салады. Бұл қаржы Ақтау, Жаңаөзен және бес ауданда тұратын аз қамтылған отбасыларға жеткізіледі», - дейді кәріс ұлттық мәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Мәденова-Хван.


Мереке күні өңірлік Ассамблея құрамына мүшелікке қабылданған түрлі ұлт жастары қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлеріне, мейірбикелер мен құрылысшыларға арнайы барып, ыстық сусын мен таңғы ас таратты. Түрлі сала мамандарының қызметіне сәттілік тілеп, алғыс айтты. Енді олар облыс орталығы мен оған іргелес елді мекендерге барып, аз қамтылған көп балалы отбасыларға азық-түлік апарады.

Айта кетейік, мереке қарсаңында белсенді жастар «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Достық үйінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашты. Орталықта ғаламтор желісіне қосылған ноутбук қойылып, спорт құралдары, газет-журналдармен қамтамасыз етілген.

«Орталық есігі жасы үлкенге әрдайым ашық. Бұл жерде зейнеткер ата-әжелеріміздің тынығып, бір-біріміен еркін әңгімелесуіне жағдай жасалған. Көңіл сергітуден бөлек, ардагерлеріміз шахмат ойнап, компьютерлік сауаттылығын арттыруға мүмкіндік алады», - дейді игі бастама авторлары.


Азат елде тату тіршілік, бауырмалдылық пен берекені насихаттауды мақсат еткен мереке маңызын көпшілікке түсіндіру мақсатында бастамашыл жастар қиын кезеңді бастан кешіріп, қудаланған түрлі ұлт пен ұлыстың құшақ жая қарсы алып, барымен бөліскен қазақ халқына жүрекжарды алғыс сөздерін бейне таспаға жазып, әлеуметтік желілерге жүктеуі дәстүрге айналған.

Олар жақында мехсеттік түрік ұлтының өкілі Гүміш Изатовамен тілдесіп келген еді. Грузия жерінен қудаланған ата-анасымен қазақ жеріне келгенде оның жасы үште болған.


«Балалық шағым осы өңірде өтті. Ұзақ жылдан бері қазақ халқымен бірге тату-тәтті тіршілік кешудеміз. Көршілермен туған бауырдай араласып тұрамын. Бір атаның баласындай ынтымақты арқау етіп, шүкіршілік етудеміз. Жалпы қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Көптеген елдің басына күн туған заманда оларды ұлт ретінде сақтап қалған қазақтың ынтымағы мен бірлігі десем, асылық болмас», - дейді кейуана.

Мұнайлы түбекте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдері бұл күні қазақ ұлтына шексіз алғысын айтқан пікір-лебіздері ғаламторға толассыз жариялануда.

Тақырыпқа қайта оралсақ. Биылғы жыл басында өңірлік Ассамблея бастамасымен өлке тұрғындарының әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық іс-шаралары бастау алған болатын. Бұл акция бүгінде «Мейірімділікпен бірлікке» атты ұранымен өтіп жатыр.

Осыған дейін өзбек этномәдени бірлестігі Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыстады. Сондай-ақ, осетин, еврей, шешен және ингуш этномәдени бірлестігінің өкілдері Анна Мандрикова, Тамара Корякова, Айберген Жүзбаев есімді зейнеткерлердің үйіне арнайы барып, азық-түлікпен қоса медициналық құрал-жабдықтар тарту етті.

«Барша қазақстандықтарды Елбасының бастамасы бойынша ұлттық күнтізбеде алғыс айту күні деп ресми белгіленген мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрамның маңызын терең сезіне отырып, осымен үшінші рет атап өтіп жатырмыз. Көктемнің алғашқы күні қазақ елінде қалыптасқан достық, ынтымақтастық, адамдардың біріне-бірі көмек беру секілді қабілетін одан әрі шыңдай берсін», - дейді неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Маргарита Клее.

Ал белорусь этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Гусейнованың айтуынша, бұл мереке – қасиетті қазақ жері мен оның қонақжай халқына терең тағзымның белгісі.

«Қазақ ұлтының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір айрықша маңыздағы мерекені ресми белгілеу алдында айтқан сөзін бірден көкейіме түйіп алдым. Елбасы тағдыр тәлкегімен күштеп жер ауған түрлі этнос өкілдеріне тәуелсіздік жылдары Қазақстан құтты қонысқа айналғанын дәйекті дәлелдермен жеткізді. Ендеше, сол кезеңдегі қиындықты қайыспай көтеріп, бейбітшілік заманда ұлтаралық татулық, келісімнің айқын символына айналған мемлекетіміз күллі әлемге үлгі», - дейді Галина Гусейнова.

Айта кетейік, өткен жылғы мерекеде «Жомарт жүрек, Асар» қайырымдылық акциясы шеңберінде өлке көлемінде 314 шара ұйымдастырылған еді. Оларға облыс бойынша барлық мекеме ұжымы мен жеке кәсіпкерлер белсене атсалысты.

Мәселен, қырғыз этномәдени бірлестігі акция аясында Ақтау және Мұнайлы ауданында, облыстық «Дарын» мектебі, балалар әжен қарттар үйлерінің ауласында көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, көп жылдық раушан гүлдер мен жеміс-ағаштарын отырғызды.

Сондай-ақ, өңірлік Ассамблея меценаты, Д.Шакенова есімді іскер әйел облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына алты теледидар сыйлап, аймақтық мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрмыстық техника алып берді.


Фото: автордан

Сізден жаңалық