Маңғыстау облысының оқушыларына 30 мыңнан астам компьютер берілді

1 Қазан 2020, 14:39
1852
Бөлісу:
Маңғыстау облысының оқушыларына 30 мыңнан астам компьютер берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлім етті.

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 141 мектепке 158 751 оқушы келді. 1 сыныптарға 18 577 оқушы қабылданды. Облыстағы карантиндік шектеулерге сәйкес бірінші сынып оқушыларына арнап кезекші сыныптар ашылып, онда 14 мыңнан астам бала білім алуда. 1 шағын жинақты мектеп дәстүрлі түрде, басқа мектептердің 2-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылып жатыр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жүргізілген талдауларға сәйкес оқушылардың 22,6%-ында немесе 35829 оқушының компьютерлік құрылғылары болған жоқ. Осыған орай жергілікті бюджет есебінен 8100 компьютер, республикалық бюджеттен 22 541 компьютер сатып алуға қаржы бөлінді.

Бұдан басқа өңірдегі қашықтан оқыту платформасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін 4 серверлік құрылғы мен 14 мыңнан астам отбасының интернетке қолжетімділігін арттыру үшін роутерлер сатып алынды. Сатып алынған 12006 компьютер құрылғы, 14 244 роутер, мектеп баланстарындағы 5188 компютермен бірге оқушыларға таратылып берілді. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 1 194 млн теңге, ҚР Үкіметіне жедел шығындарға арналған резервінен 3 491 млн теңге, қала мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмін енгізу аясында 311 млн теңге, барлығы 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі таңда оқушылар толықтай компьютерлермен қамтамасыз етілді, - делінген ақпаратта.

Мектеп оқушыларын қашықтан оқыту барысында оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланыс mektep.edu.kz электронды журналының платформасында жүргізілуде. Облыс бойынша мектептер «Bilim Land», «Daryn Online», «EduPage», т.б. цифрлы білім беру платформаларымен жұмыс істеп жатыр.

Маңғыстау облысы Білім басқармасының жанынан 60-58-23 call-орталығы ашылды. Карантин кезінде облыс бойынша 400-ден астам сұрақ түсті. Оларға дер кезінде тиісті жауаптар берілді.

Облыс көлемінде жаңа оқу жылында 141 орта мектепте 13 773 педагог қызмет етеді. Биыл 800-ден аса жас маман келді. Облыста әлі де 100-ден аса педагог маманға қажеттілік бар. Оның ішінде қазақ сыныптардағы орыс тілі, орыс сыныптарға орыс тілі, математика мұғалімдеріне қажеттілік басым. Бұдан басқа кадр тапшылығын шешу бағытында 2018 жылдан бастап берілетін жергілікті бюджеттен бөлінетін грантпен 139 студентті оқытып жатырмыз. Жергілікті грантпен оқып жатқан студенттердің екеуі биыл келді. Алдағы жылы 6 түлек келеді, - деді Гүлмира Мамаева.

Қалыптастырушы бағалау нәтижелері күн сайын электрондық журналға балл түрінде қойылады. Сабақ барысында қалыптастырушы бағалауға балл қойылатын білім алушылардың санын мұғалім өзі анықтайды.


Өзгелердің жаңалығы