Маңғыстау облысында Nur Kapital өңірлік бағдарламасы аясында 30-ға жуық жоба мақұлданды

20 Ақпан 2019, 17:12
2313
Бөлісу:
Маңғыстау облысында Nur Kapital өңірлік бағдарламасы аясында 30-ға жуық жоба мақұлданды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облыстық үйлестіру кеңесінде сараланған бұл бастамаларды жүзеге асыруға 526 млн теңге жұмсалады. Сәйкесінше биыл аудан көлемінде 296 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев тұрғындар алдында 2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды есебінде осылай деп мәлімдеді.

Кездесуге аймақ әкімі Ералы Тоғжанов, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, аудан және ауыл әкімдіктерінің активтері мен тұрғындар қатысты.

Айдос Таңғалиұлының айтуынша, қазіргі таңда Түпқараған ауданы халқының саны 31 789 адамға жеткен. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша ресми тіркелу көрсеткіші өткен жылдың соңында 266 адамды құрады. Аудан бойынша бас-аяғы 2829 жаңа жұмыс орны құрылған.

Жергілікті жұмыспен қамту органдарына жыл бойы 2142 адам хабарласқан. Өтініш білдіргендер бойынша әлеуметтік шаралармен қамтылғаны 1830, оның ішінде 1179 адам тұрақты, тағы 338 тұрғын уақытша жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, жастар практикасы бойынша 92 жас түлек, әлеуметтік жұмыс орындарына 128 адам қызметке тартылған.

Кәсіпкерлік салаға тоқталып өтсек, мемлекеттік «Бастау - Бизнес» бағдарламасы бойынша жеке іс бастау негіздерін меңгерген 130 адамға сертификат берілген. Олардың арасынан 35 ауыл тұрғыны жалпы көлемі 139 млн теңгеге шағын несие алып отыр. Айта кетейік, осы бағыттағы былтырғы жылғы көрсеткіш 20 млн теңге болған. Бұл берешек соманы бас-аяғы бес кәсіпкер рәсімдеген.

Жалпы аудан бойынша 20 мектеп жұмыс істеп тұр. 1932 оқушыға 339 ұстаз дәріс береді. Ал 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту көрсеткіші 99,7% көрсетуде.

Былтыр Ақтауға іргелес қонған Ақшұқыр ауылында 75 орындық, сондай-ақ Сайын Шапағатов атындағы елді мекенде 75 орындық жеке бөбекжай іске қосылды. Биылғы жоспарға сәйкес іскер азамат қаржысына Таушық ауылынан 100 орындық балабақша салынады деп жоспарланған.

Үш ауысымды білім беру мәселесін жою мақсатында 2018 жылы Сайын Шапағатов ауылында 600 орындық мектеп пайдалануға берілген болатын. Осы жылы Ақшұқыр ауылындағы 600 орындық мектеп салуға ұсыныс беріліп, республикадан қаржыланатын нысандар тізбесіне енгізілді. Сондай-ақ осы елді мекендегі Е.Өмірбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жасау күн тәртібінде тұр.

«Бизнестің Жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша былтыр бес кәсіпкерлік жобаға 64,3 млн теңге көлемінде кепілдік берілген.

«Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау мен несиелер беру бойынша өткен жылы 46 кәсіпкер бас-аяғы 208,6 млн теңгеге несие алды. Мұнан соң 66 жұмыс орны құрылды. Соның ішінде аудандық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тағы 7 жоба мақұлданып, 51,2 млн теңге берешек сома берілді. Қорытындысында 22 ауыл тұрғыны жұмысқа алынды. Ауылшаруашылығын қолдау қорының «Береке», «Кәсіпкер», «Ынтымақ» бағдарламалары арқылы төрт шаруа қожалығының иелері 14,5 млн теңге несие алды. Бұл бағытта жеті жаңа жұмыс орыны ашылғанын көріп отырмыз», - деді өз сөзінде аудан әкімі Айдос Хамиев.

Толықтыра кетейік, бүгінгі таңда Түпқараған ауданы бойынша 143 шаруа қожалығы тіркелген. Төрт түлік басын көбейтіп, егін салып отырған кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсынып келеді.

Томирис ӘДІЛ

    Фото: автордікі



Өзгелердің жаңалығы