Маңғыстау облысында карантин режимі күшейтілді

6 Сәуір 2020, 11:25
1472
Бөлісу:
Маңғыстау облысында карантин режимі күшейтілді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта шалғай аймақта COVID-19 вирусын жұқтырған үш адам анықталып, провизорлық госпитальға жатқызылды.

Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу үшін өңірлік жедел штаб және санитарлық-эпидемиологиялық станция басшылығының шешімімен бүгіннен, яғни 6 сәуірден бастап карантин режимі күшейтілді.

Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиевтың айтуынша, ендігі кезекте меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдардың кеңсе қызметкерлері қашықтықтан жұмыс жасауға көшіріледі. Аса қажет адамдар ғана басшының шешімімен аптасына бір немесе екі күн ғана қызметіне келе алады.

Сондай-ақ облысқа қарасты екі қала - Ақтау мен Жаңаөзенде жеке көліктермен жүру тәртібі де өзгерді. Тұрғындар өз машинасымен сағат 06:00-09:00 аралығында және 18:00-21:00 аралығында ғана жүре алады. Бүгінгі күннен бастап облыс бойынша барлық аудан-қала арасында қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтайды. Тек Мұнайлы ауданы мен Ақтаудың арасында жүретін автобустарға рұқсат беріледі. Бұл ретте жеке автопарк иесі дезинфекция шараларының қатаң сақталуын үнемі қадағалап отыруға міндетті, - дейді Е.Күмісқалиев.

Қоғамдық көліктердің қозғалысынан бөлек такси қызметімен айналысуға рұқсаты бар ұйымдарға ғана жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте такси аудан-қала аумағында сағат таңғы алтыдан кешкі тоғыз аралығында жүре алады. Осы мақсатта қолданылатын көлікке тек бір адам бір отбасы мүшесін ғана мінгізу қажет. Ең бастысы, салонда дезинфекциялық шаралар мұқият сақталуы керек.

Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін облыс орталығына жақын елді мекендерде тұратын медициналық ұйымдардың қызметкерлері жұмыс орнына қатынауы үшін өз алдына бөлек көлік бөлінеді.

Бұл шектеулер халықтың денсаулығы мен амандығы үшін жасалып жатқанын тағы бір мәрте атап өтемін және оларды түсіністікпен қабылдауға шақырамын. Қазіргі жағдайға байланысты алдағы уақытта облыстық жедел штаб шешіміне сәйкес карантин режимін күшейту жұмыстары қосымша енгізілген уақытта, дер кезінде халыққа хабарланып отырады, - дейді өңірлік ішкі саясат басқармасының басшысы.
Өзгелердің жаңалығы