Бас жаңалықтар
Маңғыстау облысында алғаш рет жаһандық театрлар фестивалі өтеді
PHOTO
01 Сәуiр 2019, 18:42 626

Маңғыстау облысында алғаш рет жаһандық театрлар фестивалі өтеді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Қыркүйекте облыс орталығында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Нұрмұқан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық - драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов мәлімдеді.

«Аймақ әкімдігі мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бірлесіп ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың, кемеңгер қаламгердің көркем туындыларын насихаттау мақсатында өтейін деп тұрған бұл фестивальге Каспий жағалауы мемлекеттері мен түркі тілдес елдердің театрлары қатысады деп күтілуде, - деді Нұрнияз Мұқанов.


Айта кетейік, қазақ елінің тұңғыш Президентінің қатысуымен 2005 жылы ашылған өңірлік театр ұжымы былтырғы жылды табыспен аяқтаған.

Шығармашылық ұжым Нұр-Сұлтан қаласы мен еліміздің өзге де аймақтарынан бөлек мұнайлы облыстың барлық елді мекендерінде, Қаражанбас пен Қаламқас кенішіндегі вахталық поселкелерде гастролдік сапармен болды.

Маңғыстаулық әртістер халықаралық өнер байқауларынан да олжасыз оралған емес. Мәселен, Беларусь Республикасының Могилев қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісімен жасалған драмалық қойылымымен қатысып, лауреат атанып қайтты.

Облыстық театр базасында ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп, Нұрмұқан Жантөриннің 90 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің II дүниежүзілік театр фестиваліне бес елден сегіз театр қатысып, табысты өнер көрсетті.


Өткен жылы театр директоры Нұрнияз Мұқанов Қазақстан театрлары Ассоциациясының «Үздік менеджмент» аталымы бойынша бас жүлдесімен, сондай-ақ талантты актер Кенжебек Башаров «Екінші пландағы үздік актер» аталымы бойынша марапатталды. Көптеген қызметкерлер салалық министрлік пен облыс әкімдігінің және мәдениет басқармасының арнайы жүлделеріне ие болды.

«Биылғы жылы да алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Сәуір айының екінші жартысында Шымкент және Алматы қалаларына гастрольдік сапармен барып, театрымыздың репертуарындағы таңдаулы спектаклдерімізді талғампаз оңтүстік көрермендерінің назарына ұсынбақшымыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша облыс тұрғындарын биыл да жаңа қойылымдар, тың туындылармен таныстырып отыратын боламыз,-деді облыстық музыкалық-драма театрдың бас режиссері Гүлсина Мерғалиева.

Сөз соңында айта кетейік, Жастар жылы аясында және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында биылғы маусымда жаңадан жеті қойылым сахналанады деп күтілуде.

«Соның ішінде «Жастар жылына» орай күні ертең премьерасы болатын Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясы жастар арасындағы асқақ арман, пәк сезімдер шынайы көрсететін қойылымымызға қала тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз» - дейді театрдың жас әртісі Ислам Есжан.



Фото: автордан
Загрузка...