Маңғыстау мектептерінде «Домбыра-дастан» жобасы жүзеге асырылады

23 Тамыз 2019, 01:26
3449
Бөлісу:
Маңғыстау мектептерінде «Домбыра-дастан» жобасы жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Маңғыстау облысы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясында белгілі болды.

Маңғыстау облысы әкімдігінен хабарлағандай, аймақ басшысы Серікбай Трұмов өңірдің білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Жалпы, облысымыз республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда туу көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарларды иеленеді, сондай-ақ көшіп келушілер саны да күн санап артып отыр. Сондықтан мектеп құрылысының мәселесі бірінші кезекте тұр. Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде өңірімізде алдағы бес жыл ішінде бала саны 138 мыңнан 212 мыңға дейін артады деп күтілуде. Қазір аудан, қала әкімдіктерімен жобалық қуаты 16400 орынды құрайтын 21 мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Осы орайда аудан, қала әкімдеріне мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын уақытылы дайындап, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп қаражат көздерін қарастыру мәселелерін шешуді тапсырамын», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылатын жобаға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраны мектептерде балаларға үйретуге назар аударғаны белгілі. «Осыған орай ұлттық өнерді насихаттау мақсатында оқушыларға арналған домбыра үйірмелерін көптеп ашуды көздейтін «Домбыра-дастан» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Осылайша, маңғыстаулық оқушылар мектеп бітірген кезде кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, бұл шара жүзеге асырылса ата-аналар да риза болары сөзсіз», - деп түйіндеді Серікбай Трұмов.

Айта кетейік, жыл сайынғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына облыстық конкурсте үш мектеп жеңімпаз болып танылды. Үшінші орынды Қарақия ауданы Құрық гимназиясы иеленіп, мектепке 8 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Екінші орынды жеңіп алған Білім-инновация лицей мектебіне 10 миллион теңге көлеміндегі сертификат берілді. Ал Ақтау қаласындағы ІТ-лицей жеңімпаз деп танылып, мектепке 16 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Грант қаржысы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалатын болады.


Өзгелердің жаңалығы