Мақтааралда мақта терімі басталды

17 Қыркүйек 2020, 11:17
1873
Бөлісу:
Мақтааралда мақта терімі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ алтынның» отаны саналған Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды.

Ең бірінші болып Жамбыл ауылдық округіне қарасты Орынбасар Махантаев басшылық жасайтын «Арай» шаруа қожалығы алажаздай өсірген өнімін жинап бастады. 

5,5 гектар жерге «Мақтаарал 4017» мақта сортын еккен қожалық 27 центнерден өнім алуда. Мақта теріміне жергілікті ауыл тұрғындары қатысып, келісіне 30 теңгеден еңбекақы төленуде. Қожалық басшысы жинаған өнімін «Кеңесшіл» мақта қабылдау бекетіне өткізбекші екен.   

Биыл мақтааралдық шаруалар жалпы 38,2 мың гектар жерге мақта шитін сепкен болатын. Міне, күз келіп, диқандарымыз қырманын «ақ алтынға» толтыруды бастап кетті. 

Күзгі жиын-терім науқанын сәтті өткізу - бәріміздің ортақ міндетіміз, - деген болатын аудан әкімі Бақыт Асанов.   

Бүгінде аудан бойынша мақта терім науқанына 15 бригада, 403 терімші қатысуда. Қазіргі таңда негізінен қол терім жұмыстары жүргізіліп, 125 гектар мақта алқабынан 269,5 тонна «ақ алтын» қамбаға жиналды. 

Мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Қосымша ауданымызға АҚШ-тан 23 дана «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынған. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биыл мақта терім комбайндарынан қиындықтар тумайды. Осының арқасында мақтаны машиналық әдіспен теру 66%-ға жететін болады. Жалпы биылғы мақта терім науқанына 514 доңғалақты трактор, 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысады деп күтілуде.   

Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 60-тан астам бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайындалуда. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылуда.


Өзгелердің жаңалығы