Бас жаңалықтар
"Мұзбалақ" мультфильмін чех балалары көреді
03 Мамыр 2019, 10:18 333

"Мұзбалақ" мультфильмін чех балалары көреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының "Мұзбалақ" атты толықметражды анимациялық фильмі, Чехияның Злин қаласында өтетін 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер ХКФ "Панорама" атты конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіледі. 

Фестиваль 2019 жылғы мамырдың 24 мен маусымның 1 аралығында өтеді. 

Zlin Film Festival балалар фильмдеріне арналған әлемдегі ең ауқымды кинофестиваль. Фестиваль аясындағы көрсетілімдер Злин қаласынан бөлек Чехияның басқа да қалаларында жүреді. Жыл сайын фестиваль аясында 50-ден астам елден келген 300-ге жуық фильм көрсетіледі. 2010 жылдан бастап фестивальді тамашалауға 95000-нан астам ересек адамдар мен кішкентай балалар келген.

"Мұзбалақ" анимациялық фильмі қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті және адам мен бүркіт арасындағы достық туралы баяндайды.

"Әлем кино кеңістігіне қазақ анимациясының жетістіктері туралы жар салатын кез келді. Біз сол үшін де еңбек етеміз. Біздің әрбір жасаған туындымыз ауқымды кинофестивальге қатысуы тиіс. "Мұзбалақ" биік белестерді бағындыруына тілектеспін", - деді "Қазақфильм" АҚ анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов.

Естеріңізге сала кетейік, "Мұзбалақ" былтыр ҚР Кинематографистері Одағының "Құлагер" жүлдесінде, "Үздік анимациялық фильм" номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, XVII "Алау рухы" Халықаралық кинематографиялық дебюттер кинофестивалінің балалар және жасөспірімдер фильмдері конкурстық бағдарламасына қатысқан.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық