Бас жаңалықтар
«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейден жүлделі оралды
15 Шілде 2019, 14:23 183

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейден жүлделі оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейде өткен кинофестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Режиссерлер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейдің Ярослав қаласында   өткен   «Отбасымен бірге» 14 ХКФ-да қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

66079392_380580065994080_6202006799767434052_n.jpg

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті және адам мен бүркіт арасындағы достық туралы баяндайды.

«Бұл біздің еңбегіміздің жемісі. «Мұзбалақ» фильмін халықаралық қазылар алқасы жоғары бағалағаны қуантады. Халықаралық анимациялық кинофестивальдерді әлі де таңғалдыратын боламыз»,- деді «Қазақфильм» АҚ анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов.

Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» былтыр ҚР Кинематографистері Одағының «Құлагер» жүлдесінде, «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, XVII «Алау рухы» Халықаралық кинематографиялық дебюттер кинофестивалінің балалар және жасөспірімдер фильмдері конкурстық бағдарламасына қатысқан (Ханты-Мансийск, РФ).

«Мұзбалақ» картинаcы өткен күзде қазақстандық прокатта болды.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық