Мұз үстінде жүру адам өміріне қауіпті

12 Қараша 2019, 20:02
3242
Бөлісу:
Мұз үстінде жүру адам өміріне қауіпті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күн суытып, ауа температурасы 0 градустан төмендеген сайын елорда өзендерінің бетін жұқалтаң мұз басты. Құтқарушылар бұл күндері мұз бетіне шығу, әсіресе оның қаттылығын аяқпен басып тексеру аса қауіпті екенін айтып дабыл қағып отыр, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Еліміздің өзге өңірлерінде биылғы күз-қыс маусымында қайғылы жағдай орнап үлгерді: екі бала қаза тапты. Қазір өзендер мен көлдердің бетінде күзгі мұз қату басталды. Ол жерде жүру адам өміріне қауіпті. Себебі ойламаған жерден мұз ойылып, су астына кетіп қалу қаупі жоғары, - делінген ақпаратта.
Құтқарушылардың ақпараты бойынша, бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 7 см құрайды, оның үстімен жаяу жүріп өту үшін кемінде 15 см болуы қажет.

Автомобильдер үшін 30 см-ден жұқа болмағаны жөн. Ал қазіргі уақытта көлдер мен су айдындарындағы мұздың қалыңдығы шамамен 1-ден 2 см-ге дейін.
Мұндайда есте ұстау қажет негізгі қағида – жұқалтаң мұздың үстіне шығып, оның қаттылығын аяқпен қатты басып көруге болмайды. Қатты және қауіпсіз мұз ұзақ аяздан кейін ғана болады. Сонымен қатар, ата-аналар су қоймаларына жақын жердегі қауіпсіздік пен жүріс-тұрыс ережелерін ұмытпауы және балаларды қараусыз қалдырмауы тиіс, - делінген ақпаратта.
Адам өміріне қауіп туындаған уақытта бірден 112 нөмірі бойынша шұғыл қызметке қоңырау шалу керек.
Өзгелердің жаңалығы