Әйтенов: Блок-бекеттердегі "Жасыл дәліз" тәулік бойы жұмыс істейді

2 Сәуір 2020, 00:25
1689
Бөлісу:
Әйтенов: Блок-бекеттердегі "Жасыл дәліз" тәулік бойы жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бекеттерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер мен транзиттік машиналар еш кедергісіз өтуі керек.  Бұл туралы Шымкенттегі бірқатар бекеттерді аралап шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты.

Жалпы халықаралық маңызға ие "Ташкент-Алматы-Термез" тас жолындағы "Ақжар", "Шымкент-Самара" бағытындағы, яғни қаладан Түркістанға шығатын "Бадам" бекеті мен "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізіне қосылатын "Бозарық" бекеттерін аралап көрді.

Шаһар басшысы бірінші кезекте барлық бекеттерде "Жасыл дәліз" ұйымдастыруды тапсырды. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, басқа да арнайы техникалар кедергісіз өтеді.
  
Көлік жүргізушілері мен оның салонындағы жолаушы міндетті түрде тіркеуге алынып, медициналық құрылғымен тексеріліп өткізіледі. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер мен құзырлы орган өкілдері әкімшілік қызметкерлері ауысыммен тәулік бойы қызмет атқарып жатыр.
  
Мұрат Әйтенов блок-бекеттерде тұрған жолаушыларға шектеу кезіндегі талаптарды сақтап үйлеріне қайтуға кеңес берді. Өйткені қала аумағы үлкен, миллион халқы бар. Оған қоса шектеу қойылған күннің өзінде қала арқылы әрлі-берлі 200 мыңға жуық халық қатынайды екен.

Шымкент тоғыз жолдың торабында жатыр. Сондықтан қала әкімі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге шақырды. Қазір қалада 18 блок-бекеттері тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Өзгелердің жаңалығы