Бас жаңалықтар
Мұрат Әбенов: Жергілікті әкімдер – идеолог емес
17 Ақпан 2020, 15:12 289

Мұрат Әбенов: Жергілікті әкімдер – идеолог емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жергілікті билік жергілікті халықтың үніне жеткілікті деңгейде құлақ асып отырған жоқ деп санайды.

Оның айтуынша, көп жағдайда жергілікті депутаттар мен өңірлік әкімдердің жанындағы қоғамдық кеңес белсенді емес, тіршілікке араласпайды және қоғамда болып жатқан түйіткілді мәселені шешуге тырыспайды. Содан проблема одан сайын ушығып, "кешегідей" деңгейге жетіп отыр. Яғни, аймақтарды басқаратын әкімдер саяси өзгерістерге дайын емес, идеолог емес. Бұл туралы ол бүгін елордада өткен "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу" атты сараптамалық бағалау отырысын айтты. 

Бүгінгі жиында талқыланған сұрақтар бізді ойландыруға бағыттайды. Шынымен де, теориясы бір де, елде болып жатқан практикасы мүлдем басқаша. Мысалы, ұлтаралық және этносаралық қарым-қатынастар туралы айтылды. Біз оны тек қана ресми айтатын болсақ, шын мәнінде елде болып жатқан жағдайлар шамалы басқаша. Мәселен, Жамбыл облысында болып жатқан кешегі оқиғалар. Бізде бұл механизмдердің көбісі әлі дұрыс іске аспай тұрғанын байқап тұрмыз, - дейді Мұрат Әбенов. 

Оның айтуынша, Ұлттық кеңестің ерекшелігі – қоғамды тыңдай білу, қоғамда болып жатқан жағдайды дұрыс бақылап, бағамдап, халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, соған сай шаралар қабылдау. Алайда, аталмыш механизм орталық деңгейде жұмыс істеп бастады. Дегенмен, өңірлік деңгейде билік пен халық арасында дұрыс байланыс жоқ. 

Кеше ғана Жамбыл облысына барып қайттық. Біраз нәрсені байқадық. Жергілікті билік жергілікті халықтың үніне жеткілікті деңгейде толық құлақ асып отыр деп айта алмаймын. Оқиға орын алмас бұрын, алдын-ала әртүрлі сигналдар болған. Алайда, дер кезінде шара қабылдау мәселесіне келсек, кешікті. Көп жағдайда бұл механизмдердің жоқ екенін көрдік. Ұлттық қоғамдық кеңестің төңірегінде жан-жақты сын айтатын, пікірін айтатын азаматтар, осы Кеңеске мүшелікке кіріп, сырт көзге сын болып көрінгенмен де, оны билік қабылдап, қазір көп өзгерістер жасап жатыр. Дәл осы жүйені өңірлерге енгізбесек болмайды. Себебі, көп жағдайда жергілікті депутаттар мен әкімдердің жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері болсын белсенді емес, тіршілікке араласпайды және қоғамда болып жатқан түйіткілді мәселені шешуге тырыспайды. Сосын, әлбетте, проблема одан сайын ушығып, осындай деңгейге жетіп отыр, - деп атап айтты қоғам қайраткері. 

Бұл орайда, Ұлттық кеңестің белсенді мүшесі жергілікті атқарушы органдардың функциясын орталыққа тартудың қажеті жоқ деп санайды. Керісінше, осы модельді төмен жаққа да беру керек. 

Менің ойымша, жергілікті әкімдердің осы уақытқа дейін әзірше қоғамдық идеологиялық жұмысқа көп араласпауы – бұл проблема. Көбінесе әкімдер кәсіпкерлік тұрғыдан немесе шаруашылық басшысы тек қана экономикалық жағын ойлайды. Олар (әкімдер – ред.) саяси өзгерістерге дайын емес, идеолог емес. Халық арасында туындап жатқан шиеленістерді, яғни конфликтілерді алдын-алу мәселесі солқылдақ. Мұндай мәселе бар, - деді ол. 

Мұрат Әбенов аудан, ауыл-аймақтарды басқаратын адамдар идеологиялық салаға жақын болу керек деп есептейді. Себебі, экономика онсызда өзімен-өзі жұмыс істейді. 

Қазір экономиканың 80%-ы жекенің қолында. Керісінше, әкімдер неғұрлым көп араласса, соғұрлым зиян тиеді. Мәселен, заң қабылданды, шаралар бар. Әкімдер қоғамды үлкен өзгерістерге тарту, тек сыртынан бақылап отыратын топтар ретінде емес, етене араласып, пікірін білдіріп, сол өзгерістерге атсалысатын белсенді азамат ретінде таныту керек деп санаймын, - деп түйіндеді өз сөзін спикер.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...