Мұндай қолдау полиция қызметкерлеріне қиын кезеңді жеңіп шығуға жігер береді

23 Маусым 2020, 15:33
1451
Бөлісу:
Мұндай қолдау полиция қызметкерлеріне қиын кезеңді жеңіп шығуға жігер береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "BIZ BIRGEMIZ" онлайн-форумында Петропавл қаласының учаскелік полиция инспекторы Станислав Олефиренко құқық қорғау органдары қызметкерлерінің коронавируспен күресте бір кісідей жұмылып қызмет етіп жүргенін айтты.

Мен ішкі істер органдарында жеті жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда Петропавл қаласында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеймін. Бір айта кететін жайт, бұл кезең менің еңбек жолымдағы ең қиын кезеңдердің бірі. Мен әріптестеріммен бірге блок-бекеттердегі тәртіптің сақталуын қадағаладым. Қазір карантиндік подъездер, провизорлық орталықтардағы тәртіпті бақылап жүрміз. Адамдардың барлығы бірдей емес, кейде кейбір жандарға вирустың таралмауы үшін қатаң тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге тура келеді, - деді ол.

Станислав Олефиренко бұл қиын-қыстау кезең бірқатар қазақстандық отбасылар сияқты өзінің де отбасына қатты әсер еткенін айтты.
Менің жұбайым коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар емделетін қалалық ауруханада жұмыс істейді. Сол себепті, уақытша отбасынан жырақта өмір сүруге мәжбүр. Ең қиыны, алты жасар қызымызға анасының неліктен үйде болмайтынын, неге бізбен бірге тамақтанып, бірге ұйықтамайтынын түсіндіру болды. Бұл жағдайды еңсеруге бізге жақындарымыздың түсіністігі, қолдауы күш беруде. Біздің еңбегіміз еленіп жатқанына ризашылығымды білдіремін. Дәл осындай қолдау барлық полиция қызметкерлеріне осынау қиын кезеңді жеңіп шығуға жігер береді, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы