Мұндай диалогтың маңызын уақыт өзі дәлелдейді – Елена Кашарина

22 Сәуір 2019, 21:43
2141
Бөлісу:
Мұндай диалогтың маңызын уақыт өзі дәлелдейді – Елена Кашарина

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың 29 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII Сессиясы өтеді. Айтулы шарадан қазақстандықтардың күтер жаңалығы мол. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Елена Кашаринаның пікірінше, осынау диалог алаңының маңызы артып, ауқымы кеңейе түспек.

«Біздің елде барлық этностың дамуына, өсіп-жетілуіне барынша жағдай жасалып отыр. Бұл әрқайсымыз үшін өте маңызды. Бүгінде Қазақстан бірегей мәдени ортасымен ерекшеленеді. Сессияда осы бағыттағы істерге серпін беріліп, этносаралық келісім диалогының мәні арта түсері сөзсіз», - дейді «Қостанай-Агро» аймақтық аграрлық, қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Елена Кашарина.

Қоғамдық келісім кеңесі әр саладағы жұмыстарға белсене араласып жүр. Мәселен, Елбасы бастамаларының бірі – «7-20-25» бағдарламасының орындалуы жөнінде мониторинг жасап отырады. Кеңес мүшесі осы жөнінде айта келіп, өңірде әлеуметтік салада қолға алынған жобаларға тоқталып өтті.

«Облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың нысандарға оп-оңай кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін «Кедергіге жол жоқ» жобасы аясында көптеген жұмыстар істелді. Ал «Жастар жылы – даңғыл жол» жобасы жастарға берілген нағыз мүмкіндік дер едім. Қазір әрқайсымыз Тәуелсіздіктің басты құндылығы татулық пен келісім екенін жақсы түсінеміз. Біз Қазақстан халқын біріктіріп отырған тарихты құрметтей отырып, туған жерімізге деген сүйіспеншілігімізді, еңбегімізді еселей түсуіміз керек», - дейді Елена Кашарина.

Өзгелердің жаңалығы