МӘМС: Нұр-Сұлтанда қандай медқызметтер көрсетіледі?

12 Ақпан 2020, 15:37
1664
Бөлісу:
МӘМС: Нұр-Сұлтанда қандай медқызметтер көрсетіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің аясында емхана мен дәрігерді таңдау, қымбат қызметтерді тегін алу, оңалтудан өту және басқа да медициналық қызметтер түрі көрсетіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.  

Нұр-Сұлтан қаласының емханаларында денсаулықты қалпына келтіру және оңалту қызметі бұрын да болғанымен, бәріне бірдей қол жетімді емес еді. Қазіргі уақытта МӘМС арқасында бұл қызметтің түрі көбейтілген. №2 қалалық емхананың директоры Ләззат Рыспекова МӘМС аясында өткен жылы балаларды оңалтуға 28 тегін жолдама берілсе, 2020 жылдың қаңтар айында 34 бала оңалту қызметіне жүгінгендігін айтты. 

Физиотерапевтік қызмет пен массаж жасау бұрын ақылы еді. Ал, қазір бұл қызметтер халықтың бәріне тегін көрсетіледі. Бізге 74 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жарты жылдай осыған дайындалдық. Оңалтушы, невропатолог, логопед және басқа да дәрігерлер білімін шетелден жетілдіріп келді. Дәрігерлер Даун ауруы, эпилепсия, аутизм тәрізді ауруларды анықтап, қажетті емдеу курсы мен оңалту шараларына жолдама береді, - деді емхана директоры. 

Ерекше қажеттіктері бар балаларға МӘМС жүйесінің балаларға көрсететін қызметтерінің барлығы тегін. Сондай-ақ, МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қайта қарастырылып, созылмалы аурулармен ауыратын тұлғалар мен балаларға да тегін дәрі-дәрмек алу мүмкіндігі жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар, осы уақытқа дейін қымбат тұратын тексеру қызметтері (Гепатит В және С, ПЦР, гармондарға қан талдаулары, КТ, МРТ аппараттары) ақылы немесе "Д" есепте тұрған тұлғаларға ғана тегін болды. Қазіргі кезде бұл қызметтер сақтандырылған халықтың барлығына тегін көрсетіледі. Мәселен, №6 қалалық емханада МРТ қызметіне былтыр бір жылға 10 квота бөлінсе, биыл тек қаңтар айында 18 адамға жолдама берілген. Ақылы болып келген қан талдаулары да тегін жасалады. 

МӘМС аясында стационарлық көмекті ұйымдастыру да жүзеге асырылады. Тұрғындар өздері тіркелген емханада барлық қан талдаулары мен УДЗ, басқа да зерттеулерден өтіп, қортындысы бойынша жолдама арқылы ауруханаға жатқызылады. Жедел пациенттерге ТМККК бойынша, ал жоспарлы пациенттерге МӘМС бойынша қызмет көрсетіледі. МӘМС-тің аясында тұрғындардың жеке медициналық емханаларға қаралу мүмкіндігі бар. Елордада аталмыш пакет аясында пациенттерге медициналық қызмет көрсететін 15 жеке клиника есептеледі. Солардың бірі – "Медикер" медициналық орталығы. 

МӘМС қорымен келісім шарт негізінде орталықта қаңтар айында компьютерлік томографияға 6 адам, МРТ-ға 4 адам жолдама алған. УЗД, ЭКГ сияқты қызметтерден бөлек педиатр, гинеколог, маммолог, хирург, уролог және стоматолог дәрігерлердің кабинеттері жұмыс істеп тұр. Бұрын бұл орталықта ақылы қызмет алып жүрген тұрғындар ендігі кезекте МӘМС жүйесі арқылы емхана көмегін тегін алып жатыр. 

Айта кетсек, МӘМС жүйесінде тіркелмеген тұрғындар 1 сәуірге дейін өзін сақтандыруы тиіс. Тұрғындар ыңғайы үшін медициналық ұйымдарда төлем терминалдары орналастырылды.



Өзгелердің жаңалығы