Мүмкіндігі шексіз

17 Маусым 2019, 11:35
3670
Бөлісу:
Мүмкіндігі шексіз
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Адамның мүмкіндігі шексіз. Тәндегі кей кемшіліктер өмірде қиындықтар тудырғанымен алға мақсат қойып, соған жете білу, тағдырдың басқа салған ауыртпалығына төтеп беру – қайсар мінезден. Өзгелердей зыр жүгіріп кете алмаса да ол ешқашан жасыған жоқ. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс бастап, кәсіп ашып отырған Сәлімхан Сәбитовты көпке үлгі етуге әбден болады.

Қоғамға керек кәсіп

Мүмкіндігі шексіз

Өмірдің басқа салған сынағына қасқайып қарсы тұрып, қайраттана алға ұмтылу – бұл екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Өкінішке қарай, ортамызда болмашы ғана қиындық туа қалса салы суға кетіп, басы салбырап, өзін «ащы сумен» жұбатып, проблеманың шешуін шөлмектен іздейтіндер қаншама? Ал біздің кейіпкеріміз Сәлімхан Сәбитов – көпке үлгі боларлық жан. Сал аурына шалдығып, бала кезден осы дерттің зардабын тартып келе жатса да, қатарынан қалған емес. Керісінше, еңбекқорлық, көшбасшылық қасиеттерінің арқасында жас жігіт өмірдің талай белесін бағындырып үлгерді. Мектепті жақсы аяқтаған Сәлімхан жоғары оқу орнына түсіп, журналист мамандығын меңгеріп шықты. Қоғамдық өмірге де белсене араласатын ол стартап жобалар байқауында арнайы грант ұтып алып, Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашты.

«Дені сау адамдарға қарап, «мен де көлік жүргізсем ғой» деп армандадым. 2018 жылы жазда досым Ресейдің Челябинск қаласына барып, автокөлігіне мүгедек жандарға басқаруға мүмкіндік беретін арнайы қондырғы орнатып әкелді. ІІ топтағы мүгедек бола тұра, оның темір тұлпарды тізгіндеп жүргеніне қатты қызықтым. Досымның әрекеті мені «көлік жүргізсем» деген арманыма жақындата түсті. Оның қолынен келсе, мен де істей аламын деген ой туындады. Күндердің бір күнінде Петропавл қаласындағы Жастар ресурстық орталығының басшысы Алматы қаласында стартап жобаларының байқауы өтетіндігін айтып, қатысуға ұсыныс жасады. Мен қуана келістім», - дейді Сәлімхан Сәбитов.

Сәлімхан көп ойланбай интернат қабырғасынан бірге жүрген досы Ақжан Кәрімовпен бірге көліктерді қимыл-тірек аппараты зағымданған мүгедек жандарға бейімдеп, оларды оқытуға арналған жобаны жазуға кіріседі. Айта кету керек, Қазақстанда осы уақытқа дейін мүгедектерді көлік жүргізуге үйрету деген болмаған. Байқауда еңбегін сәтті қорғаған автор арнайы грант иегері атанды. Жоба мецененаттар қолдауына ие болып, бөлген қаржыға автомобиль сатып алынды.

Өмірде қызық көп

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі 11 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Соның 8 мыңнан астамының тірек-қимыл аппараты зақымданған. Өкінішке қарай, олардың арасында ортаға бейімделіп, өз орнын тапқандар аз. Көпшілігі үйдің төрт қабырғасынан шыға алмауда. Себебі оларға қоғамда әлі де толыққанды жағдай жасалмай келеді.

Сәлімхан Сәбитов – Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Саумалкөл ауылында дүниеге келген, Шәміл Шақшақбаев атындағы тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернат түлегі. Бастауыш сыныпта үйде отырып білім алуға мәжбүр болған жасөспірім үшін арнайы оқу орнына қабылдану – мүлде басқа өмірге жолдама алғанмен пара-пар болған. Сәлімхан интернат қабырғасында жүріп, өмірге деген көзқарасының мүлде өзгергенін айтады.

«Мен бала кезімнен қол қусырып, жай отырғанды ұнатпаймын. Үйде су тасып, бақшада жеміс егіп, ауланы жинап ата-анама көмектесетінмін. Мұны көрген шешем жұмыс істеуіме қарсылық танытса, әкем керісінше еңбекке араласқанымды қолдады. Ана жүрегі жұмсақ. Ол мен үшін қорқып, алаңдады. Ал әкем аяушылық сезімі маған ешқандай пайда әкелмейтінін түсінді. Керісінше, шамам келіп тұрған кез келген істі атқаруымды қолдады. Өзгелерге де осыны айтар едім. Алғашқы қадам жасаудан сескенбей, алға басу қажет. Үйде қамалып отырғаннан еш пайда жоқ. Сыртқа шығып, өзгелермен араласу керек. Байқайтыным, қазір мүмкіндігі шектеулі жандар өзгелермен компьютер, ұялы телефон арқылы виртуалды әлемде ғана қарым-қатынас жасайды. Бір адаммен жүзбе-жүз танысып, тілдессе өзіе рухани азық алатынын білмейді», - дейді ол.

Мақсат – қиындыққа мойымау

Ш.Шақшақбаев атындағы қимыл-тірек аппараты зақымданған балаларға арналған интертат – ТМД көлемінде алғашқы инклюзивтік білім беру орталықтарының бірі. 20 балаға шақталған мекеме марқұм Шәміл Тауфиқұлы Шақшақбаевтың бастамасымен ашылған болатын. Солтүстік Қазақстан облысында Шәміл Тауфиқұлын білмейтіндер кемде-кем. 37 жасында ауыр дерттің кесірінен екі аяғы мен қолынан айрылса да, жігері жаншылмады. Жолында кездескен талай кедергілерді еңсеріп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат ашты. 2005 жылы бақилық болған Шәміл Шақшақбаев өмірінің соңғы күніне дейін өзі ашқан мекемеде қызмет етті. Дүниеден ерте озса да соңында өшпес із қалдырды. Осындай жаннан тәрбие алған Сәлімхан өмірге деген көзқарасының мүлде өзгергендігін айтады.

«Шәміл Тауфиқұлын өзіме үлгі тұтамын. Ол ТМД көлемінде инклюзия мәселесін алғашқы болып көтерген адам. Интернат табалдырығын аттаған алғашқы күннен ол бізге «Ата-аналарың жандарыңда мәңгілік жүрмейді. Өз беттеріңмен қоршаған ортаға бейімделуді үйреніңдер» деп құлағымызға құйып отыратын. Күнделікті өз киіміңді жуу, тамақ әзірлеу сынды қарапайым еңбекке баулыды. Ол бізге көшеде қол жайып, қайыр тілеп жүргеннен гөрі, кәсіппен пайда табуға болатынын дәлелдеді. Бізді үнемі жігерлендіріп отыратын. «Қиындыққа мойыма, өмірде жағдайы сенен де қиын адамдар бар» деген сөздері менің ұстанымыма айналды. Қазір республикалық, халықаралық деңгейлердегі түрлі жарыстарға қатысып жүрген мүгедек жандар қаншама? Олар өзі үшін ғана емес, елі үшін еңбек етіп жүр. Адам ешқандай кедергіге қарамай, жан-жақты дамуға, алға ұмтылуға тиіс», - дейді Сәлімхан Жанатұлы.

1998 жылы ашылған мекеме 21 жылда талай тәрбиеленушісін қияға қанат қақтырды. Бір өкініштісі интернат тар, қалағанның бәрін қабылдай алмайды.

Түйін

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беріп, қоғамға өз пайдасын тигізу – бұл Сәлімханның басты мақсаты. Осы мақсатын жүзеге асыру жолында ол ешқашан кідірген емес. Қолы қалт етсе кітап оқып, спортпен шұғылданатын жігіт БАҚ қызметкерлері арасында жыл сайын ұйымдастырылатын сайыста тоғызқұмалақтан үш рет чемпион атанды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ел чемпионатында дискі лақтыру, ядро лақтыру бойынша күміс және қола жүлдеге ие болды.

 

Өзгелердің жаңалығы