Мұғалімнің құқын бұзған мектеп директорлары жауапқа тартылды

4 Маусым 2020, 10:39
1445
Бөлісу:
Мұғалімнің құқын бұзған мектеп директорлары жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл сәуірде педагогті кәсіби қызметіне қатысы жоқ әртүрлі жұмыстарға тартуға жол бермейтін, олардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа нормалар күшіне енді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі күні білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша бірқатар шара қабылдады. 

Педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу міндеттерін жүктеу фактісі бойынша Қостанай облысындағы орта мектеп директорына "ескерту" түріндегі әкімшілік жаза қолданылды, - делінген хабарламада.

Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының екі мектебінің директорларына мұғалімдерді оқу кабинеттерін жөндеуге тартқаны және педагогтерден ҚР заңнамасында көзделмеген есептілікті талап еткені үшін "ескерту" түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында мектеп мұғалімінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін былапыт сөздермен қорлау жағдайы анықталды. Бұл құқық бұзушылық үшін бесінші сынып оқушысының ата-анасына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осылайша, білім беру саласындағы уәкілетті орган педагогтердің Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын азаматтық және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада көзделген барлық шараларды қолданады.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, педагогтердің құқықтары бұзылған жағдайда орналасқан жері бойынша аумақтық департаментке хабарласу қажет.

Өзгелердің жаңалығы