Мұғалімнің орны төрде болады – мектеп директоры

25 Қаңтар 2019, 18:00
6041
Бөлісу:
Мұғалімнің орны төрде болады – мектеп директоры

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің ұстаздар қауымы «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануын тағатсыздана күтуде.

«Оқушылар мен ата-аналар мектептің «қожайыны» болмауы тиіс. Мұғалімнің орны - төр». Бұл - Павлодар қаласындағы №37 орта мектебінің директоры Ләйлә Жүсіпованың пікірі. Білікті маман BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісіне заң жобасына қатысты ойымен бөлісті.

Айта кетейік, бұл мектепте Қазақстанда алғаш рет сынақ жүзінде Е-асхана мен балаларды саусақ іздері арқылы кіргізу жүйесі енгізілген.

«Жаңа заңнан күтеріміз көп. Біріншіден, мұғалімдердің табысы өседі. Енді академиялық дәрежесі бар дарынды ұстаздар жалақыларына үстемақы ала бастап, әлеуметтік жағдайын жақсарта алады деген ойдамын. Екіншіден, демалысқа шығатын педагогқа сауықтыруға қосымша қаражат бөлінеді. Бүгінгі таңда білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу аясында ұстазға 18 жұмыс сағаты үшін төленеді. Мұғалімдер мұғалім-сарапшы, мұғалім-зерттеуші, мұғалім модератор, мұғалім-шебер санаттарына бөлініп, әр категорияға үстеме ақы төленеді. Ал 30 жылдан астам еңбек еткен маман құрметті демалысқа шығу мүмкіндігіне ие болады. Бұл - бізді қуантатын негізгі жайттар», - дейді Ләйлә Жүсіпова.

Тәжірибелі мұғалімнің пікірінше, жаңа заң бекітілген соң педагогика мамандығын үздік оқушылар таңдайды. Сонымен қатар, әлеуметтің мұғалімдерге деген құрметі арта түседі.

«Өкінішке қарай, бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуде аз ұпай жинаған оқушылар педагогика мамандығына «тисе терекке-тимесе бұтаққа» принципі бойынша түсе салады. Басты мақсатта сол, мемлекеттік грант ұтып алу. Кейін жоғар білім алған соң мұғалімдіктен бас тартып отырады. Бұл – бүгінгі күннің ащы шындығы. Енді заң қабылданған соң жағдай өзгереді деген ойдамын. Педагог мәртебесі артқанда бұл саланы үздік, дарынды балалар таңдайды» , - дейді Ләйлә Жүсіпова.

Қазіргі таңда Ләйлә Жүсіпова басшылық ететін мектепте 1200 оқушы білім алады. Оларға саналы тәрбие мен сапалы білімді 80-ге жуық ұстаз береді. Білім ордасы былтырғы жылы «Үздік мектеп» атанып, 20 млн теңгенің сыйлығына ие болған.

«Бүгінде зейнет жасына жеткен ұстаздарымыз көп. Олар демалысқа шыққанда, орындарын қандай мамандар басады?. Бізді бұл мәселе алаңдатады. Жаңа заң ұстаздардың әлеуметтік мәселелерін шешумен қатар, мамандар сабақтастығының үзілмеуіне сеп болмақ», - деп сөзін түйіндеді маман.

Ақмаржан Әділбек

Өзгелердің жаңалығы