Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 50 процентке өседі

6 Желтоқсан 2019, 19:54
3130
Бөлісу:
 Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 50 процентке өседі
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мәдениет және спорт министрлігі жанындағы концерттік ұйымдар мен халық шығармашылық орталықтарының көркемдік кеңесі өтті. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, "Қазақстан Камератасы" классикалық музыка ансамблінің директоры Гаухар Мырзабекова мен еліміздің барлық өңірінен келген 30-дан астам концерттік ұйым мен халық шығармашылық орталықтарының басшылары қатысты. 

Басқосу барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау барысы, аймақтарда мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Биыл 75 жылдық мерейтойын атап өткен біздің филармония тыңдармандардың талғамын үнемі зерттеп отырады. Мәселен, біз әр концерттік бағдарлама кезінде заманауи тәсілдерді, Led экранды пайдалану арқылы визуалды байланыс орнатуға тырысамыз. Сонымен қатар, болашақ аудиторияны қалыптастыру мақсатында филармония орындаушылары орта мектептерде шығын лекция-концерт өткізіп келеді. Осылайша, облыстық өнер ордасы өзінің болашақ өнерсүйер тыңдармандарын арттыруға үлес қосып жатыр. Сондай-ақ, менеджментті дамыту арқылы қосымша шығындарды өзіміз өтей алатындай деңгейге жеттік, - деді Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы директорының міндетін атқарушы Елубай Кенжалиев. 
ши1.jpg

Ал мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов президент Жолдауында айтылған нақты міндеттерге тоқталды. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік мәдениет және архив ұйымдарындағы лауазымды қызметкерлерінің жалақысы 50%, ал коммуналдық ұйымдардың қызметкерлерінің жалақысы 35%-ға өседі. Қазір министрлік осы бойынша қарқынды жұмыс істеп жатыр. Осы орайда, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыру, өткізу үшін меценаттар мен демеушілерді тарта білу де маңызды. Бұл жалпы әлем елдерінде бар тәжірибе. Осы арқылы мемлекеттің қаржыландыруын күтпей кез келген концерттік жобаны кең көлемде өткізуге болады, - деді ол.
ши2.jpg

Басқосуға жиналғандар саланың түрлі, түйткілді мәселелерін ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, еліміздің ішінде концерттік ұйымдардың гастролін бір жүйеге келтіру, коммерциялық конкурстар, аймақтық өнер ошақтарындағы кадр тапшылығы, халық шығармашылық орталықтарының қызметіне қатысты нормативтік құжат қабылдау, аттестациядан өту сынды мәселелер талқыланды.



Өзгелердің жаңалығы