Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді

22 Наурыз 2019, 10:44
2390
Бөлісу:
Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда биылғы Наурыз мерекесінің жылдағыдан ауқымды, салтанатты, жайдары өткені жұрт көңілінде кетті.

Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді

Орталықтағы Тәуелсіздік алаңына тігілген ақшаңқан киіз үйлер, қойылған көрме, алыстан желбіреп асқақтаған жалаулар, тербелген жауқазындар, қалықтаған ән – осының бәрі қосылып мереке мерейін асырып, қала халқымен оның қонақтарын ерте қарсы алған.

Бір шетте алтыбақан теуіп, ән салғандар, бір бүйірде боз кілем үстінде белдескен балуандар, шірене жабылып арқан тартқандар, қарсыласымен қары қарысып білек күшін сынасқандар, күміс қоңырауын күмбірлетіп күймеге мініп қыдырғандар, бауыр еті – балаларына ат жалынан тартқызып, ерге отырғызып ат үстінде желе жортқандар, ұлттық киім киісіп, науырыз көже ішісіп, ақ жүректен бата беріскендер.

Осылай шаттанып, жадыраған жұртшылықты Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады. Ол өз сөзінде мерейлі Наурыз мерекесінің туған Отанымыздағы татулық, бірлік, берекені одан әрі нығайта түсетінін, мемлекетіміздің алдағы межелі биіктерді алуға күш-жігерін толықтыра, көпұлтты халқымызды ортақ мақсаттарға жұмылдыра түсерін айтып, соңғы уақытта облысымыздың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, әр отбасына аманды-саулық, жақсылықтар тіледі.

Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді

Өңір басшысы облыстық мәслихат және облыстық әкімдіктің бірлескен шешімімен Көкшетаудағы Максим Горький көшесі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілгенін мәлімдеді.

«Бұл күндері барлық облыс орталықтарының басты көшелері Ұлт көшбасшысының құрметіне өзгертілді. Бұл Тұңғыш Президенттің мемлекетіміздің тарихи, экономикалық, әлеуметтік дамуы, Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайту жолында атқарған еңбегіне берілген лайықты баға», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Облыс басшысы кішкентай ақмолалық Мұстафа Мүтәловты атқа мінгізу рәсіміне қатысып, бүлдіршінге елін қорғар азамат болып өсуіне тілектестігін білдірді.

Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді

Ұлыстың ұлы күні тұрғындарға көктемнің символы – қызғалдақ гүлінің көшеттері сыйға тартылды. Ұл-қыздарына, ат мінген азаматы мен көреген қарияларына ақ тілеуін жеткізген Ұмай ана мен алты ай қымтаған қыс қаһарын серпіп тастап, бүр жарған көктем гүлін көз алдына келтіріп жүз елу қыз сай-саланың енді сан алуан гүлге толарын елестетті.

Әжелер мен бәйбішелер көрсеткен «Алас» ырымы қыс қиындығынан қайыспай шығып, малы көкке жетіп, енді егін егуін қамдап, өмір-тіршіліктің жаңа бір белесіне көтерілген жұртының ауыртпашылығын аластап, жүгін жеңілдетіп, қиыншылығын ұмыттырып, еңсесін көтергендей болды.

«Биыл Көкшетауда Наурыз мерекесін тойлау 15 наурыздан басталды. Бүгінгі мерекедегі Наурыз нышандарына арналған театрландырылған көріністер тебірентерлік болды. Ақ түйенің үстінде, омырауын күміс сақалы жауып ортаға Қыдыр ата шығып, батасын бергенде әркім-ақ, сол айтылған ақ тілектердің орындаларына, мақсаттарына жетерлеріне сеніп, шын қуанысып, жадырап жатты», - дейді қала тұрғыны Әнуар Қабдешов.

Ұлыстың ұлы күні көкшетаулықтарға қызғалдақ гүлінің көшеттері тарту етілді

Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйінің сарынына ұлттық киім киген екі жүз қыз мың бұрала билеп, дала тарихы мен ғұрпының әртүрлі мезеттеріне меңзер көріністер көрсетсе, дала батырлары да өткен қилы заман, айтулы тартыстар, жан беріскен белдесулер, ұмытылмас жеңістерді тағы бір еске салды.

Бұл күні жиналған қауымға алма, Наурыз көже, бауырсақ, құрт таратылды.
Мерекеде дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, армрестлингтен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Жиналғандар қой көтеруден жарысқа түсті.

Өзгелердің жаңалығы