Ұлттық арна көрермендері фильмдерді оффлайн көре алады

4 Сәуір 2019, 13:37
2306
Бөлісу:
Ұлттық арна көрермендері фильмдерді оффлайн көре алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кез келген қолданушы Andriod және IOS платформаларында тәулік бойы ұлттық арнаның барлық видеосервисін онлайн және оффлайн режимде көре алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді.

«Осы қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді тамашалауға болады. Қосымшада «Kinomax-тегі жаңа фильмдер» деген айдарда жаңадан енгізілген кинотуындылар жиналған, «Осы аптада танымал» бөлімінде қолданушылардың арасында танымал, жоғары бағаланған контент, ал «Дәл қазір көруде» - сол сәтте қолданушылардың тамашалап жатқан контентін көре аласыздар», - деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Балапан» режимі де бар. Бұл қызықты анимациялық фильмдерді тамашалауға таптырмас мүмкіндік.

Ерлан Қариннің айтуынша, аталмыш видеосервис отандық контентті дамытумен қоса, аудитория сұранысына сай сапалы жобаларды ұсыну үшін жасалып отырған дүние.

«Қазір цифрландыру дәуірі, сондықтан көрермендердің көбісі әлеуметтік желілерде, түрлі интернет сайттарда өздеріне қызықты да қажетті контентті тауып, тамашалай алады. Таңдау көп, сондықтан танымал трендтерге сәйкес келетін контент жасаушылар саны күннен күнге көбейіп келеді, бәсекелестік күшейе түсуде. Осы орайда «Qazaqstan» корпорациясы заман талабына сай жұмыс жасауда», - деді Қарин.

Осы орайда былтыр ғана іске қосылған «Qazaqstan TV» мобильдік қосымшасын қазіргі кезде жарты миллионнан астам қолданушы жүктеп, өз қажеттіліктеріне пайдаланып жүр.

Бұған қоса, түрлі әлеуметтік желіде аккаунттарға жазылушылар саны да күн сайын артуда. Мәселен, қазіргі «Qazaqstan TV» You-tube арнасының жазылушылар саны миллионға жетіп отыр. Осылайша, ұлттық арна өзге телеарналардың ішінде ең алдыңғы орында көш бастап тұр.

Айта кетейік, бүгінде Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсіріліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы