Бас жаңалықтар
Мен Елбасымен кездесудің қатаң хаттамасын бұздым – Лео Шик
PHOTO
29 Қараша 2019, 10:35 5754

Мен Елбасымен кездесудің қатаң хаттамасын бұздым – Лео Шик

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 27 жыл бұрын Елбасының тікелей қатысуымен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған елеулі оқиға болып, Қазақстан халқы Ассамблеясының іргетасы Өскеменде қаланған болатын.

Қазақстан халықтары достығының қайнар көзі сонау 1992 жылы Шығыста басталған еді. Кеңес Одағының ыдырауынан кейін болған саяси-экономикалық, әлеуметтік дағдарыстардың дендеуі кезеңінде Өскемен қаласында алғашқы Достық үйі ашылған болатын. Экономикалық байланыстардың үзілуі, кәсіпорындар жұмыстарының тоқтауы, жалақы мен зейнетақының уақытылы төленбеуі – міне сол кездің негізгі көрінісі. Нақ осы мезетте өңірде тұратын 105 ұлтты бір ортаға шоғырландырып, қоғамдық шиеленісті азайту қажеттігі туындады. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ендігі кезек Шығыс Қазақстандағы Достық үйін ресми түрде ашуға келді...

"Ал, Лео Богданович сенің жұлдызды сәтің туды" деді мені кабинетіне шақырған облыс әкімінің орынбасары Талғатбек Абайдильдин, - деп еске алды Лео Шик.

Құпия түрде айтайын, біздің облысқа еліміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен келмекші. Осы сәтті пайдаланып біз ол кісіге өзіміздің Достық үйін көрсетуді ұйғардық. Оның ашылуына өзің бастамашыл болдың, енді оның жұмысын таныстыратын басты адам да өзің боласың, - демесі бар ма? 

Көп ұзамай көптен күткен күн де келіп жетті.

IMG-20191126-WA0009.jpg

Достық үйіне президент мінген көліктер эскорты келіп тоқтады. Көліктердің бірінен Нұрсұлтан Әбішұлы мен сол кездегі облыс әкімі Виталий Метте шықты. Біз бір топ адам құрметті қонақтарды Достық үйінің алдында күтіп тұрған едік. Виталий Меттенің жүзінен жылылық байқалып тұрды. Бейнебір "қорықпаңыз, барлығымыз сізбен біргеміз" деп тұрғандай әсер берді, - деп сол кезді есіне алды ҚХА мүшесі Лео Шик.

IMG-20191126-WA0004.jpg

Достық үйіндегі түрлі ұлт өкілдері президентті қазақтың шашуын шашып, орыс ұлтына тән нан мен тұз ұсынып қарсы алды. Шашуды алып, наннан дәм татқан ол жиналған қауымға жүрегінен шыққан алғысын айтты.

IMG-20191126-WA0002.jpg


Облыс әкімі президент екеуімізді алға жіберіп, өзі қызметкерлерімен сәл аялдады. Міне осы мезетте күтпеген жерден қызық оқиға болды. Мен Елбасымен кездесудің қатаң хаттамасын бұздым! Достық үйінің екінші қабатына көтеріліп келе жатқанда Нұрсұлтан Әбішұлының қолтығынан демедім. Әрине бұл жерде алғаш рет Елбасыны көріп, жақын танысқандықтан көңілімде толқу болған мені де түсінуге болады. Құлағыма артымда келе жатқан адамдардың "бұл не істегені?" деген дауыстары естіліп жатты. Президент болса менімен әңгімесін жалғастыра берді. Достық үйі орналасқан ғимараттың тарихи ғимарат екенін естіген ол "Мәдени ескерткіш пе? Бұдан былай бұл келер ұрпаққа халықтар достығын паш ететін орын болады деді", - деп қосты Лео Богданович.

IMG-20191126-WA0005.jpg

Достық үйінің барлық ұлттық-мәдени орталықтарын аралаған Елбасы әр ұлтқа қатысты өз мақтауын жеткізіп отырды. Бір сәт Армян ұлттық-мәдени орталығы өкілдерінің жанында аялдап, оның жетекшісі Арсен Геворкянға көңіл аударды. Одан Нұрсұлтан Әбішұлы жүзі таныс адамды көрді. Иә, шынымен де, Арсен Иванович Қазақстанға белгілі сәулетші, әрі көптеген мәдни-әлеуметтік құрылыстың бас
құрылысшысы болған еді.

IMG-20191126-WA0011.jpg

Достық үйінің тағы бір мақтанышы – Никифор Кан бас болған Корей орталығы болды. Ол аталмыш ұйым ашылғаннан бастап Достық үйінің қоғамдық кеңесін басқарды.

IMG-20191126-WA0022.jpg

Орталықтың тәрбиеленушісі, жас әнші Вика Цой ел президентіне "Менің Қазақстаным" әнін шырқады.

Нұрсұлтан Әбішұлына Достық үйі ұнап, құрметті қонақтар кітабына "Қазақстан халықтарының достығы – еліміздің баға жетпес байлығы! Түрлі ұлттардың бір-біріне деген сенімділігі, заң алдындағы теңдігі болмаса мемлекеттің дамуы, қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі болмайды. Көпұлтты Қазақстанда адамдар арасындағы достықты нығайту бағытында талмай еңбек еткен жандарға алғыс айтамын!" деген сөздер жазып қалдырды. Бір қарағанда қарапайым сөздер сияқты, бірақ астарында қаншама мән-мағына жатыр. Кейінгі жылдары бұл жазуды көптеген адамдар келіп оқыды, - дейді Лео Шик.

IMG-20191126-WA0020.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше құрал екенін алға тартқан Лео Богданович, бүгінгі таңда оның жұмысын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропалық Қауіпсіздік кеңесі сияқты ұйымдар зерделеп жатқанын атап өтті. Биыл Ассамблеяның 25 жылдығы. Он жылдан астам уақыт облыстағы Кіші Ассамлея хатшылығын басқарған сұхбаттасушымыз өзінің Еуропаға барған кездерін де есіне алып өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жүйесі бойынша Швейцарияның Локарно қаласына барған іссапарым есімде. Бұл қалада Еуропалық қауіпсіздік кеңесінің кішігірім ұлттар бойынша аға комиссарының штаб-пәтері орналасқан. Оның үстіне аға комиссар қызметін атқарған Ван-дер Стул мырзаны жақсы танитын едім. Өйткені ол Өскемен қаласында болған еді. Шығысқа атбасын бұрған кезде ол Достық үйінің жұмысымен танысып, бізде ұлтаралық шиеленістің, кемсітушіліктің жоқ екенін көзі жетіп, демократиялық қоғамның алғышарттарын қалыптастырған Елбасының жұмыстарына дән риза болған, - деп қосты Лео Шик.

IMG-20191126-WA0013.jpg

Бүгінде 22 этномәдени бірлестіктің және бірнеше шығармашылық ұжымның жұмысын үйлестіріп отырған Достық үйі 2015 жылы атауын "Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы" деп өзгертті. Бұдан бөлек, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын қамтамсыз ету мақсатында облыстың 14 аймағында аудандық Достық үйлері ашылған. Олар өзге ұлт өкілдері бар Шемонаиха, Бородулиха, Алтай, Бесқарағай, Катонқарағай, Глубокое, Ұлан, Зайсан, Жарма және Көкпекті аудандарында бой көтерді. Осыған дейін үш ғимаратқа көшкен облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы 2017 жылы облыс әкімінің тапсырмасына орай бөлінген жалпы аумағы 6800 шаршы метрді құрайтын кең ғимаратқа қоныстанды. Бұл көш мекеменің жұмысын жақсы арнаға бұрумен қатар, оның бірқатар басқа салаларды да қамтуына жол ашты. Атап айтсақ, соңғы кезде мұнда кәсіби медиаторлардың басын біріктірген медиация кабинеті ашылып, жұмысын бастады. Жалпы, бұл шара 2015 жылдан бері қолға алынған болатын. Үш жыл бұрын медиацияның тиімділігін арттыру үшін өңірдегі департаменттер мен сот органдары меморандум жасасқан. Осы жұмыстардың нәтижесінде медиация кабинеті базасында "Медиацияның виртуалды кабинеті" жұмысын бастады. Сонымен қатар, мұнда сенім телефоны арқылы кенес алу мүмкіндігі де қарастырылып, бекітілген кесте бойынша кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қала тұрғындарын қабылдап, азаматтардың өтініштерін тіркеу журналын жүргізуді бастады.

IMG-20191126-WA0023.jpg

Қоса кетсек, облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында 22 этномәдени бірлестіктен бөлек, тілдерді оқыту және шығармашылық бағыттағы топтар ұйымдастырылды. Мұнда тіл үйреніп, өзге ұлттың мәдениетінен сусындауды ойлаған қай адамға болмасын есік айқара ашық. Бүгінде 600-ден астам адамның басын біріктірген 25 шығармашылық және хореографиялық, вокалдық ұжым Шығыс Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлттың келісімін күн санап нығайтуда.



Фото: дереккөз
Загрузка...