«Листопад» кинофестивалінде «Томирис» арнайы көрсетілді

22 Қараша 2021, 08:35
1140
Бөлісу:
«Листопад» кинофестивалінде «Томирис» арнайы көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Минск қаласында XXVII Халықаралық «Листопад» кинофестивалі өз жұмысын бастады. Биыл байқау «Кино – бірлік симфониясы» ұранымен өтіп жатыр.

Фестивальдің жұмыстарына қатысу үшін арнайы сапармен барған «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев «Листопад» кинофестивалі аясында өткен дөңгелек үстелге қатысты. ТМД елдері киногерлері өкілдерінің қатысуымен өткен бұл басқосуда бірлескен фильмдерді түсіру, сондай-ақ ТМД елдерінде ортақ кинопрокат жүйесін құру туралы мәселелер талқыланды.

Айта кетсек, «Листопад» кинофестивалі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Sataifilm кинокомпаниясы бірлесіп түсірген «Томирис» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Тарихи кинотуындыны фильмнің режиссері Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын таныстыратын болады.

Қарашаның 26-на дейін жалғасатын «Листопад» кинофестивалі барысында көрермендерге 45 елден 100-ден астам фильм (көркем және деректі фильмдер) ұсынылады. Фестивальдің басты байқауында 13 көркем фильм бақ сынайды, олардың қатарында отандық режиссер Айжан Қасымбек түсірген «От» фильмі де бар. Аталған байқаудың қазылар алқасының төрағасы белгілі Ресей режиссері әрі продюсері Ренат Давлетьяров.

Бүгін фестивальдің конкурстан тыс бағдарламасы аясында «Беларусь» кинотеатрында «Әміре» фильмінің көрсетіледі. Туындының режиссері Джефф Веспа.

Сондай-ақ бүгін Киностудиялардың басшылары кеңесі шеңберінде кинематография саласында ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қою рәсімі өтеді. Бұл шараға 9 киностудияның басшылары қатысады.

«Қазақфильм» делегациясының құрамында киностудияның вице-президенті Айдархан Әділбаев және өндіріс бөлімінің басшысы Аруана Серікбаева бар.

Өзгелердің жаңалығы