Лифттерді жаңарту бойынша ауқымды жоба іске асырылуда

23 Мамыр 2020, 16:19
1920
Бөлісу:
Лифттерді жаңарту бойынша ауқымды жоба іске асырылуда
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында "Аймақтарды дамыту – 2020" бағдарламасын жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Бағдарлама аясында өңірдегі тозығы жеткен тұрғын жайларға күрделі жөндеу жасалып, көпқабатты үйлердегі лифттер жаңартылады. Аймақта жыл соңына дейін 100 жеделсатыны қайыра жаңарту жоспарлануда.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыстың бірқатар қалаларындағы 18 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілген. Жалпы "Аймақтарды дамыту – 2020" мемлекетті бағдарламасы аясында өңірде 260 көпқабатты үй қалпына келтіріліп, тұрғындардың жайлылығы үшін қайыра жөндеуден өткен.

2011 жылдан бастап облыста 260 көпқабаты тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалды. Бұл үшін 3 747, 4 млн теңге жұмсалды. Жөнделген үйлердің 91-і пәтер иелерінің өз есебінен жөнделді. Өткен 2019 жылы Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау және Абай қалаларындағы 18 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 374,8 млн теңге жұмсалды. Ағымдағы жылы Абай, Саран және Қарқаралы қалаларындағы 3 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жоспарланып отыр, - дейді облыстық энегетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Басқарма мәліметінше қазіргі уақытта Қарағанды облысында 107 615 тұрғын үй болса, оның 8 247-сі көпқабатты тұрғын үйлер.

"Аймақтарды дамыту – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында кондоминимум нысандарының жалпы мүлкіне тек күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары пәтер иелерінің есебінен қайтарылатын қаржыға жасалынады. Жөндеу жұмыстары минималды және максималды болып екіге бөлінеді. Минималды жөндеу жұмыстарына шатырды жөндеу, кіреберісті және тұрғын үйдің жертөлесін қалпына келтіру жұмыстары жатады. Жылуды пайдалану жүйесі автоматтандырылып, көпқабатты тұрғын үйге жылуды пайдаланудың жалпы есептегіш құрылғылары орнаталады. Максималды күрделі жөндеу кезінде тұрғын үйдің шатыры, кіреберісі ғана емес, сондай-ақ жеделсатылары қалпына келітіріліп немесе қайыра жаңартылады. Сонымен қатар, жылу беру жүйесі автоматтандырылып, есептегіш құрылғылар да орнатылады, - дейді басқарма басшысы.

Қарағандыда көптеген жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатылардың жұмыс істемеуі. Қарағандылықтардың көпшілігі 9-шы қабатқа да жаяу көтерілуге үйреніп кеткен. Дегенменде, бұл проблема да жақын уақыттары шешімін таппақ. Облыста лифттерді жаңарту бойынша ауқымды жоба қолға алынып, осы бағытта біршама жұмыстар атқарылуда.

Бағдарлама іске асырылған 2011 жылдың шілде айынан бастап 2019 жылдың желтоқсанына дейін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында 109 жеделсаты жаңартылды. Өткен жылдың соңында облыстағы көпқабатты тұрғын үйлердегі жұмыс істемейтін лифттерді қайта қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. 2019 жылдың 18 қарашасында "Қазақстандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамыту орталығы" АҚ мен Қарағанды облысы әкімдігі жұмыс істемейтін лифттерді жаңарту жұмыстарын жүргізу бағытындағы пилотты жобаны қолға алу бойынша меморандумға қол қойды, - дейді Ұ.Үсенов.
Аталған меморандум аясында бүгінгі күнге дейін 13 лифт орнатылды. Оның 11-і Қарағанды қаласында, қалған екеуі Теміртауда. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында тағы да 12 жеделсатыны орнату жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін облыс бойынша 100 лифтті жаңарту жоспарланған.
Өзгелердің жаңалығы