Лифт апаттық жағдайда тоқтап қалса, не істеу керек?

15 Сәуір 2019, 19:28
2938
Бөлісу:
Лифт апаттық жағдайда тоқтап қалса, не істеу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «SAFELIFT» жобасын іске асыру бойынша өзара жұмыс жасау және әріптестік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес лифт апаттық жағдайда тоқтап қалса, тұрғындар бөлек арнайы түйменің көмегімен iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шала алады, деп хабарлады Елорда Инфо.

Басты тараптар елордалық Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Қалалық iKOMEK109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығы және «Media Service 2010» ЖШС болды.

Меморандумның мақсаты – елорда аумағындағы лифт кабиналарына мониторинг жасайтын «SAFELIFT» жобасы мен iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығын интеграциялау.

Бұл Нұр-Сұлтан тұрғындарына не береді?

Бұл дегеніміз, енді лифт апаттық жағдайда тоқтап қалса, тұрғындар бөлек арнайы түйменің көмегімен iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шала алады. Тұрғыннан қоңырау (немесе түтін белгісі) келіп түскенде, iKOMEK109 орталығы операторының мониторында келесі деректер көрінеді, атап айтқанда: аудан, тұрғын үй кешенінің атауы, көше (даңғыл, тұйық), үйдің нөмірі, кіреберіс, қызмет көрсетуші лифт шаруашылықтарының деректері.

iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығының операторлары жағдаятты дереу жүйеге тіркейді де, ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты орындаушыларға өтеді.

iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы қаланың барлық коммуналдық және авариялық қызметтерінің нөмірлерін біріктіреді, сонымен қатар Лифт шаруашылықтары қауымдастығымен қоян-қолтық жұмыс жасайды. 2018 жылы лифт мәселелерімен 2055 өтініш қабылданды, ал 2019 жылдың басынан бері 1006 өтініш тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, лифтке қатысты авариялық жағдайда әрекет ету регламенті 40 минутты құрайды.



Өзгелердің жаңалығы