Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға көбірек еркіндік беру көзделіп отыр – АШМ

11 Қаңтар 2019, 11:48
1723
Бөлісу:
Астана, baq.kz тілшісі. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев айтты.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жылдың ішінде кемінде 2,5 есе ұлғайту міндетін қойған болатын. Аталған міндетті шешу үшін Үкімет 2018 жылғы шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендірді. Ал, еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның негізгі міндеті – агроөнеркәсіптік кешеннің өңірдегі проблемаларын шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мен агробизнеске белсінді түрде көмектесу. Бұл инвестицияларды тарту жолымен де жүзеге асуы мүмкін. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау кезінде азық-түлік тауарларын сатып алып, оны бағасы көтерілген кезде ішкі нарыққа сатумен айналысады», - деді Бейсенғалиев.

Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға көбірек еркіндік пен өкілеттік беру жоспарланып отыр. Өйткені қазір әкімдікпен ұзаққа созылатын жұмыс сауда-саттық процесін тежеуде. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация азық-түлік бағасын бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік бере алады.

Бұған дейін елімізде 100 млн теңгенің ауыл шаруашылығы жобалары іске асып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Атап өтсек, бүгін Мәжілісте «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуда Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі туралы және осы негізде жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін үзіліссіз қамтамасыз ету туралы» дөңгелек үстел өтті.

Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы