Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов алдағы жоспарларымен бөлісті

23 Қыркүйек 2019, 08:31
5765
Бөлісу:
Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов алдағы жоспарларымен бөлісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бокстан Қазақстан құрамасы Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінен елге оралды. Құрама сапындағы жалғыз алтынға қол жеткізген 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетов тілшілердің сауалдарына жауап берді.

- Финалдық жекпе-жек оңайға соққан жоқ. Бірақ жаттықтырушылардың ақыл-кеңесі мен таңдаған тактикасының арқасында жеңіске жеттім.

 - Бір күннің ішінде жұлдыз болып ояну қиын ба? 

 - Менде ешқандай жұлдыз ауруы жоқ. Ондай болмайды да деп ойлаймын. Енді лицензиялық турнирге, содан кейін Олимпиадаға дайындаламын. Ал Токиодан алтын медаль алу үшін барымды саламын.  

- Жартылай финалдың алдында Әділбек Ниязымбетов өз кеңесін айтты ма? 

 - Ия, ол тактикалық тұрғыда кеңесін айтты, өз тәжірибесімен бөлісті.  Соның арқасында мен жеңдім.

 - Жартылай финалда не ойладыңыз? 

 - Еш уайым болған жоқ. Бапкердің айтқанын орындап, бокстасып шықтым.

- Енді 81 келіде көшбасшы боласыз ба? 

 - Көреміз. Дәл қазір мен бірінші нөмірмін. 

 - Марапаттау рәсімінде Рой Джонс не айтты? 

 - Мен ағылшын тілін білмеймін.

 - Финалда айқын жеңбесең, өзбек боксшысының қолын көтереді деген қорқыныш болған жоқ па? 

 - Жоқ, қорқыныш болған жоқ. 

 - Тәуекел болды ма? 

 - Мен өзіме және жеңіске жететініме сенімді болдым. Жаттықтырушыларға нақты тактика көрсеткені үшін және бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

 - Кәсіпқой боксқа ауысу жоспарыңызда бар ма? 

 - Әуесқой бокстағы менің мақсатым - Олимпиадада жеңіске жету. Олимпиада ойындарын жеңіп алғаннан кейін болашақ жоспарлар туралы ойланамын.


Айта кетейік, Қазақстан құрамасы аталған әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алды. Жалпы медаль кестесінде ұлттық құрама 3-орынға жайғасты. 

Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) чемпион атанса, Қамшыбек Қоңқабав (91 келі) күміспен күптелді. Ал Сәкен Бибосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит  (91 келі) қола жүлдені қоржынға салды.

Өзгелердің жаңалығы