Өмір тоқыған Латиф

31 Қаңтар 2019, 22:22
6548
Бөлісу:
Өмір тоқыған Латиф
VIDEO

Фото: Ⓒ Латиф Парпиевтің мұрағатынан

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ол – ауырған баланың қасынан табылып, жетім көрсе – жебейтін, шала туған нәресте көрсе – арнайы киім тоқып беретін адам. Ол – реабилитолог, радиолог дәрігер, «28 ілмек» қоғамдық қорының вице-президенті Латиф Парпиев. Медицина саласы мен қайырымдылық жұмыстарын ұштастыра білген маман қамқорлық жасап жүрген шала туған нәрестелердің, рак дертімен ауыратын және жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың тағдыр жолы туралы айтты.



«28 ілмек» – өмірімді өзгертті
BAQ.KZ: Сізді астаналық ата-аналардың көбі таниды десем – артық айтқандық емес. Жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз.

Латиф Парпиев: 2016 жылы реабилитолог мамандығын бітірдім. Қазір неврологиялық, ортопедиялық, отадан кейінгі инфекциядан ауыратын балаларды оңалтып, жүруге, аударылуға, отыруға үйретемін. Күн сайын 2 жасқа дейінгі сәбилер мен одан жоғары жастағы сколиоз дертіне шалдыққан балаларды қабылдаймын. Ауыр жағдайда жатқан сәбилер болса, жансақтау бөліміне барып көмектесіп қайтам.

BAQ.KZ: Негізгі мамандығыңыз радиолог болғанын білеміз. Реабитолог болуыңызға не себеп болды?

Латиф Парпиев: 2012 жылдан бастап массаж жасаумен айналыса бастағам. 2013 жылы Түркістанда терапия мамандығын бітірдім. Одан кейін Астанаға келіп, онкорадиология саласы бойынша екі жыл білім алдым. 2016 жылы осы қаладағы Онкология орталығына жұмысқа кірдім. Жұмыс барысында ересектермен ғана емес, кішкентай балалармен жұмыс істедім. 2014 жылы шала туған балаларға көмектесетін «28 ілмек» клубының мүшесі болдым. Біз 500 грамнан 2 келі аралығындағы салмақпен туған сәбилерге жүннен киім тоқып, шала туған балаларға сыйлаумен айналыстық. Бұл киімдер баланың өмірге бейімделуіне, дене қызуы бір қалыпты болуына және қан айналымының жақсаруына көмектеседі. 2014 жылдан бастап қоғамдық қор Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларында да ашыла бастады. 2018 жылы қоғамдық қордың вице-президенті болып тағайындалдым. Балаларды оңалту жұмысымен айналыса бастауыма осы қоғамдық қор себепші болды. Қазіргі уақытта бұл қоғамдық қор әлемнің 8 мемлекеті мен 130 қаласында бар.

BAQ.KZ: Қолыңызға жіп пен ілмек алып, қаншалықты жиі киім тоқисыз?

Латиф Парпиев: Атырау, Ақтөбе және бір-екі қалада ілмекпен тоқитын ер адамдар бар. «28 ілмек» қоғамдық қорының вице-президенті болғалы құжатпен көп айналысатындықтан, киім тоқуға уақыт бола бермейді. Дегенмен, жіп пен ілмек үнемі сөмкемде жүреді, қолым босай қалса қолыма алып, тоқимын.

Жетімдер үйінен келген хат
BAQ.KZ: Біздің білуімізше, Сіз шала туған балаларға киім тоқумен ғана айналыспайсыз...

Латиф Парпиев: Балаларды жақсы көрем, сол себепті балаларға қатысты қайырымдылық жұмыстарын қолға алдым. Бұдан бөлек екі қайырымдылық қорым бар. Оның бірі Ақмола облысындағы балалар үйіне қамқорлық жасаумен айналысатын Best for Kids қайырымдылық қоры болса, екіншісі онкологиялық дертке шалдыққан балаларға, жағдайы жоқ отбасыларға көмектесумен айналысатын «Дари добро» қайырымдылық қоры. Өзім таңдаған саламен тікелей байланысты қоғамдық қор – «28 ілмек» қоры, сол себепті осы қорда көбірек жұмыс істеймін.

BAQ.KZ: Қайырымдылық жұмыстарын жасауда Сізді не жігерлендіреді?

Латиф Парпиев: Бізде «Наставник» деген бағыт бар. Жетімдер үйіндегі балаларға аға орнына – аға, әпке орнына – әпке болып, оларға рухани қолдау білдіреміз. 2016 жылы Сандықтаудағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан қыз маған «Менің ақылдасатын, кеңес сұрайтын ешкімім жоқ. Маған аға бола аласың ба?» деді. Мен келісім бердім. 2017 жылы ол балалар үйінен шығып, Екібастұзға кетті. Қазіргі кезге дейін онымен ағалы-қарындас болып, жақын араласамыз. Астанаға жолы түссе – үйіме қонақ етіп, қаланы аралатып, қыдыртам. Бірде ол маған «Біздің балалар үйіне көп еріктілер (волонтерлер) келеді. Олар бізге түрлі-түрлі киім-кешек, ойыншықтар сыйлайды, бірақ оның бәрі есімізде қала бермейді. Best for Kids қорының ерекшелігі – ол жердегі адамдар бізге рухани демеу болып, қоғамға бейімделуімізге іс жүзінде көмектеседі. Бұрын болашақта даяшы болып жұмыс істеймін деп ойлағам, бірақ Сіздерді кездестірген соң мақсатым өзгерді. Қазір аспаздық оқуына түсіп, білім алып жатырмын. Сол үшін Сіздерге рақмет!» деп хат жазды. Осы хатты оқығанда бір адамның болса да мақсатын айқындап, өмірде өз жолын табуына көмектескенім үшін қуандым. Қазір жетімдер үйінде мені аға, әке деп санайтын екі інім, екі қарындасым бар. Оларға айына екі рет барып, бар білгенімді үйретіп қайтам.


Аяз ата емессің, сонда да рақмет!

Реабилитолог, радиолог дәрігер, «28 ілмек» қоғамдық қорының вице-президенті Латиф Парпиев.

BAQ.KZ: Әлдекім себепсіз жақсылық жасаса – алғыс айтқың келеді. Қайырымдылық жасаған кезде бүлдіршіндер қандай сезімде болады?

Латиф Парпиев: Астанада онкологиялық бес бөлімше болса, сол бөлімшелерде ай сайын 130 бала емделіп жатады. Жыл сайын аяз атаның киімін киіп, онкологиялық дерте шалдыққан балаларға сыйлық таратамыз. Биыл да сол үрдісті жалғастырдық. Сыйлықтарымды таратып, соңғы палатаға жақындап қалған кезде бес жастағы қыз алдымнан жүгіріп шығып, мені құшақтап алды да «Аяз ата! Мен Сізді ұзақ күттім ғой! Негізі мен Сіздің Аяз ата емес екеніңізді білем, бірақ сонда да рақмет!» деді мәз болып. Бақыт деген не? Кішкентай бала құшақтап, рақмет айтса – мен үшін бақыт деген сол.

Махаббатпен тоқылған...
BAQ.KZ: Өмір жолын ұзартуға ниеттеніп тоқыған киіміңіз тиісті жерге жеткен кезде сәби шетінеп кеткен жағдайлар болды ма?

Латиф Парпиев: Киім сыйлаған сәби шетінеп кеткені туралы ақпарат алмаймыз, себебі перинаталдық орталыққа барғанда бірден 20-30 дана тоқылған киім қалдырып кетеміз. Сәбидің тірі қалуы – дәрігерлердің қолында, ал біз нәрестенің жаны аман қалуына көмектесеміз. Біз «Қандай киім тоқысаң да – махаббатпен тоқы. Жіпті ілмекке ілген сайын жүрегің махаббатқа толы болсын» деген қағиданы ұстанамыз. Ол махаббат әр сәбидің жүрегіне жетеді деген сенімдеміз.

Реабилитолог, радиолог дәрігер, «28 ілмек» қоғамдық қорының вице-президенті Латиф Парпиев.

2015 жылы №1 балалар ауруханасында жүрек ақауымен жатқан 2,5 келілік сәбиді көрдім. Анасының рұқсатымен оған өзіміз тоқыған киімді кигіздім. Дәрігерден оның жағдайы туралы сұрап едім, жүрегінде үш ақауы бар екенін, ота жасауға жарамайтынын айтты. Сәбидің бойында тіршілік белгісі жоқ еді. Қолына система салса, анасының кіндігі деп ойлап, екінші қолымен тартып қалады екен. Мен оның қолына сегізаяқ ойыншығын ұстатқаным сол еді, нәресте бір қолымен сегізаяқтың үш аяғын ұстап, екінші қолымен ойыншықтың үш аяғын ұстап, екі жаққа тартты. Сол кезде дәрігер сәбидің екі аптада бірінші рет қозғалғанын айтты. Арада тағы екі апта өткеннен кейін дәрігерге хабарласып, сәбидің қалын сұрадым. Оны ота жасауға дайындап жатыр екен. Қуанышқа орай, ота сәтті аяқталып, сәбидің жаны аман қалды.

BAQ.KZ: Қарбаласқа толы өмірде қайырымдылық жасауға қалай уақыт табасыз?

Латиф Парпиев: Бір тәулікте 24 сағат бар, күндіз науқас балаларға массаж жасаймын. Жарты сағат массаж жасасам, келесісі келгенше жарты сағат тоқыма тоқимын немесе кітап оқимын. Осылай алмастырып отырам. Жұмыстан шыққан соң тынығуға, достарыма көңіл бөлуге уақыт табамын.

Омыртқаңыз түзу болғанын қаласаңыз...
BAQ.KZ: Жұмыс барысында неше баланы қабылдайсыз?

Латиф Парпиев: Күніне алты бала қабылдасам, оның үш-төртеуі – мерзімінен бұрын туған бала. Негізі реабилитацияға келу үшін сәбидің жасы екі айдан жоғары және салмағы 5 келіден артық болуы керек. Ал маймақ табан дертін сәби туған соң жеті күннен кейін жасала береді.

BAQ.KZ: Массаж жасап отырған қыз балада қандай диагноз?

Латиф Парпиев: Бұл жеті жастағы қыз бала. Маған келгенде омыртқасы екінші дәрежеде қисаю диагнозы қойылған. Миофасциалды массаж, мануалды терапия және емдік денешынықтыру әдісімен емдеудемін. Үш айдан кейін ортопедке барған кезде омыртқасы 90% орнына келгенін айтты. Енді ары қарай толық қалпына келу үшін жүзумен айналысып, турникке тартылуы керек.

BAQ.KZ: Омыртқаның қисайып кетуінің басты себептері қандай?

Латиф Парпиев: Мұғалімдер бізге дұрыс отыруды, сабақ арасында сергіту жаттығуын жасауды үйретті. Сол себептен болар, біздің оқушы кезімізде омыртқаның қисаюы өте сирек кездесетін. Далада жалаң аяқ жүгіріп ойнайтынбыз, сол себепті аяғымызды нық басатын едік. Қазір қаланың асфальтінде өскен балаларда ондай жағдай болмайды. 5, 6, 7-сынып оқушылары скалиоз дертімен ауырады. Ол дерт ауыр сөмке көтергендіктен, партада қисайып отырудан пайда болады. Ата-аналар сколиозбен ауыратын балаларын емдеу мақсатында би немесе футбол ойнау үйірмесіне береді. Бұл – қате ұғым. Омыртқаның түзу болуына суда жүзу жақсы әсер етеді.

Мүгедектікке алып келетін «массаж»
BAQ.KZ: Сәби қырық күнге толғанға дейін массаж жасауды арнайы мамандарға тапсырған жөн бе, әлде ол ата-ананың да қолынан келе ме?

Латиф Парпиев: Бұрын қырық күнге дейін сәбидің денесін әжесі майлап, массаж жасайтын. Қазір үйге дәрігер шақыртып, профилактикалық массаж жасатады. Қырық күнге дейін балаға дұрыс массаж жасалса, ары қарай буыны жақсы қатайып, аяғынан нық тұратын болады. Ең дұрысы – балаға ата-анасының өзі массаж жасап үйренгені жөн.

Қазіргі уақытта жас ата-аналар балаларына қырық күн толғанша үйге дәрігер шақыртып профилактикалық массаж жасатуды әдетке айналдырған. Баланың дені сау болса – ондай массажды өзіңіз де істей аласыз.

BAQ.KZ: Массаж дұрыс жасалмаған жағдайда балаға қандай зақым келеді?

Латиф Парпиев: Тәжірибесіз массаж жасаушы баланың аяғын, қолын, буынын шығарып алуы мүмкін. Егер балаңыз тоқтамай жыласа – дәрігер массаж жасауын тоқтатып, себебін анықтауы керек. Ал тәжірибесіз маман тоқтаусыз жасайды, ондай кезде қатты жылағаннан баланың басындағы, жүрегіндегі және басқа органдарындағы тамырлар жарылып, бұлшықеттері қарысып қалуы мүмкін. Бұл – мүгедектікке алып келетін жағдай. Дәрігердің массажды дұрыс жасамауы себепті көз жұмған бала бар. Қазіргі уақытта дәрігердің дұрыс массаж жасамауы себепті сал болып қалған 3 және 11 жастағы екі бала менен ем алуда.

Әр жақсы әрекет – қайырымдылық
BAQ.KZ: Дәрігердің кәсіби маман екенін тексеру жолдары қандай?

Латиф Парпиев: Дәрігердің дипломын және санитарлық кітапшасын көрсетуін сұраңыз. Дәрігер жылына бір рет баламен жұмыс істеуге болатыны туралы мөр басылған рұқсат қағаз алуы керек. Осы құжаттары болмаса – сенім артпаған жөн.

BAQ.KZ: Әңгімемізді қайырымдылықпен бастаған екенбіз, сол тақырыппен аяқтасақ. Сіз үшін қайырымдылық деген не?

Латиф Парпиев: Шын жүрегіңмен ниеттеніп істеген кез келген жақсы әрекет – қайырымдылық. Мешітке 10 мың теңге апарып бір міндеттен құтылдым деп ойлау – мен үшін қайырымдылық емес. Көмекке мұқтаж адамға адал ниетіңмен көмектессең – қайырымдылық деген сол. Қайырымды болайық, ағайын.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы