Лəззат Ералиева: Алыпқашпа әңгімелерге еріп, екпе егуден бас тартуға болмайды

23 Наурыз 2021, 16:40
1599
Бөлісу:
Лəззат Ералиева: Алыпқашпа әңгімелерге еріп, екпе егуден бас тартуға болмайды
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көктеммен қатар келетін мерекелік күндердің көптігі мамандардың алаңдаушылығын туғызуда. Коронавирус індетінің бір адамнан бірнеше адамға жұғатынын ескерсек, бұл уайым бекер емес. 

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық жəне ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Лəззат Ералиеваның айтуынша, қазір еш қамсыз қонаққа барып, алаңсыз арақашықтық сақтамай жүруге болмайды.

Бүгінгі таңда ел аумағында індет жұқтырған науқастардың саны азайғанымен, ауруханалардағы жағдайы ауыр аурулардың қатары жиілей түскен. Өйткені қауіпті вирус созылмалы сырқаттарды асқындыра береді. Індеттің жеңіл түрін басымнан өткердім екен деп, бойдан байқалған дертке бейжай қарамау керек, - дейді маман.

Оның сөзіне қарағанда, қазір аурудың таралуын барынша тежеу аса маңызды болып тұр. Ал оның бірден-бір жолы – жаппай вакцинациялау. Яғни алыпқашпа әңгімелерге еріп, екпе егуден бас тартуға болмайды.

Вакцинацияның екінші кезеңі Жамбыл облысының аудандарында да басталып кетті. Алғашқылардың бірі болып екпе салғызып үлгерген мемлекеттік қызметшілердің бірі – Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев.

Біздің ауданымызға Ресей Федерациясында өндірілген «Спутник-V» вакцинасының 200-дей дозасы жеткізілген болатын. Екпе ең бірінші індет жұқтырған азаматтармен тікелей байланыста болған және болатын денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне, атап айтқанда инфекционист-дәрігерлерге, реаниматологтарға, қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына салыну үстінде, - деп атап өтті ол.

Мәден Мұсаев вакцинацияның ерікті түрде жүргізіліп жатқанын да әңгімеледі. Алғашқылардың бірі болып өзі екпе қабылдаған ол егудің еш ауырсынусыз өткенін де жеткізді.

Біз ұжымдық иммунитетімізді қалыптастырамыз десек, вакцинациялау шараларынан бас тартпауға тиіспіз. Экономикамыздың ілгерілеуі мен замандастарымыздың қалыпты тіршілік әрекеттеріне тезірек оралуы жолында кездескен кедергілерді бірлесе еңсеруіміз керек. Өкініштісі, қауіпті дерттің жұқтыру мүмкіндіктері әлі де жоғары деңгейде болып тұр. Өзім басшылық етіп отырған ауданымның тұрғындарын барынша сақтық шараларын ұстануға шақырамын, - деді аталған аудан әкімі.

Мәден Тоқтарбайұлы енді 21 күннен кейін «Спутник V» екпесінің екінші компонентін қабылдауы керек. Мәліметке сүйенсек, Мойынқұмда бүгінге дейін 167 денсаулық сақтау саласының маманы, 12 кіші медицина қызметкері мен жүргізуші, 16 педагог екпені салғызыпты.

Өзгелердің жаңалығы